Қарағандыда онлайн бағдарламалау курстары 2027 жылға дейін 10 мың жас маман дайындайды
Жаһан ЖИ-ға құрық салғалы қашан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бір сәтке ойланып көріңізші. Виртуалды шахтада кенші бұрнағыдай малмандай терге малшынбай, тінтуірмен кен қазса, шіркін. Немесе, қырдағы фермер ЖИ арқылы дронға «Биылғы жылда егін шығымы қандай болмақ екен? Біліп кел!» деген тапсырма беріп отырса, үйінде. Екіұдай ойда қалуыңыз жасырын болмас. Иә, бұл әбден мүмкін.

«Мен Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан, келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ», – деп түсіндірген болатын Президент бұл шешімін. Мемлекет басшысының осындай көреген байламы біртұтас Қазақстанды, соның ішінде орталық облысты түбегейлі өзгерістерге жетелейді. Мақсат – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру. Қарағанды үшін, бұл сәйкес үдерісті үш есеге шарықтатып, смарт-жүйеге ойысу дегенді меңзейді. Қарапайым бір мысал: шахтадағы шақырымдық есеп қағаздарының орнына өндіріс деректері нақты уақыт ағымында талданатын цифрлық платформалар қолданыла бастайды. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мағлұмат бұлағында былтыр мемлекеттік қызметтердің 80%-ы цифрланса, биыл көрсеткіш 95%-ға жетеді деген мәлімет кездесті.
Жергілікті бизнес, әсіресе, шағын кәсіпкерлік үшін Президент Жарлығы – серпіліс серіппесі. Мұндағы кез келген кәсіпкер e-commerce сынды пайдасы ұшан-теңіз платформаларды интеграциялап, сатылымын 30-50%-ға арттыра алады, демек. Яғни, зымыран заманда бір қолыңызбен екі қарбыз көтеріп әуреге түспейсіз. Керісінше теңдессіз технологиямен елу қарбызды еңсере бересіз. Қалайша? Логистика мен қисап қисынын автоматтандыру жолымен.
Финтех-компаниялар, IT-стартаптар құру, пайдалы қазбаларды өндіру өңірдің ЖІӨ-нің 25%-ын береді. Смарт тетіктер өнеркәсіп үшін «сегізінші кереметке» айналып келеді. Парасатты алгоритм жабдықтың бұзылуын алдын ала болжап, кідірісті 20-30%-ға азайтады, деп бағалайды халықаралық сарапшылар. Соңыра ауыл шаруашылығы үшін дрондар топырақты талдап, егісті тиімді «орналастырып», өнімділікті 15%-ға арттырады. Аймақта іске асқан қанатқақты жобалар қылмыс деңгейін 10%-ға дейін төмендеткені һақында газетіміздің өткен сандарында тарқатып жазған едік. Оны қайтадан ежіктеп қажеті жоқ-ау. Ақылдыға ишара жетеді.
Қарағанды үшін, энергетикалық бағытты ескере отырып, цифрландырылған желілер шығынды 15%-ға азайтады келер күндерде. Сандық технология жаңартылатын энергия көздерін басқаруға көмектеседі. Металлургиялық зауыттар осы орайда салық жеңілдіктерін еншілеп, инвестиция игілігін жылына 20-25 млрд теңгеге ынталандырады. Реформа түсінігі таяу болашақта смартфондағы кезекті жаңартуы тәрізді мәнге ие болады: ескі қателік кетеді де, жылдамдық еселеп артады.
Қарапайым Қарағанды тұрғыны үшін қолайлылық: цифрлық мемлекеттік қызметтер ХҚО кезегін қысқартқалы қашан. Онлайн бағдарламалау курстары 2027 жылға дейін 10 мың жас маманды дайындайды деген долбар бар. Бизнес орта үшін – тынымсыз өсім кезеңі дер едік. Солайша, Қасым-Жомарт Тоқаев реформалары өңірде IT секторында 5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік тудырып отыр. Әлбетте, қиындық әрнені қайта оқытуды талап етеді. Мемлекет тарабы жұмыс күшінің 30%-ына арналған байыпты бағдарламаларды уәде етеді.
Жергілікті кәсіпкер, Қарағандыдағы IT компаниясының иесі Елена Мир былай дейді:
– Біз, шағын бизнес үшін цифрландыру – құрдымдағы құрбақаны құтқарумен парапар. Нақтыласақ, ЖИ жиілігін логистикаға енгіздік, сатылым 35%-ға өсті. Президент пәрменін өз басым, қос қолдап қолдаймын! 2026 жыл – атымызға қанат тағатын шақ.
Жаңа жыл жасампаздық діттейді. Ал, Сіз ше? Жаңғыруға дайынсыз ба?
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



