Спорт

Сегіз жыл күткен алтын

Сегіз жыл күткен алтын ақыры жерлесімізге бұйырды. Бұған дейін әлем чемпионатының үш мәрте қола жүлдегері атанған ұлттық құраманың мүшесі Абылайхан Жүсіпов төртінші әлем чемпионатында топ жарды. Ақтық сында асығы алшысынан түсті. Қанша жыл төккен тер өтелді, еңбек ақталды. Бокс сүйер қауым да чемпионның қуанышына ортақтасып, оған лайықты құрмет көрсетіп жатыр.

Сурет ҚБФ

Сонымен қатар, өзіндік стилімен көзге түскен тағы бір жерлесіміз Сабыржан Аққалықов та финалға дейін сүрінбей жетті. Бірақ, ақтық сында қарсыласынан айласын асыра алмай, күміс алды. Осылайша, қос боксшымыз да ел қоржынына үлкен олжа салып, ел мерейін асқақтатты.

Әлем чемпионатының ақтық сынына ұлттық құраманың төрт боксшысы шықты. Қазақстан қоржынына үш алтын және бір күміс медаль түсті. Атап айтсақ, 54 келі салмақта – Сәкен Бибосынов, 57 келіде – Оразбек Асылқұлов, 71 келіде – Абылайхан Жүсіпов алтыннан алқа тақса, 75 келі салмақтағы Сабыржан Аққалықов күміс медалін иеленді. Сонымен қатар, 48 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов пен 63,5 келідегі Ертуған Зайнуллинов чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі.

Абылайхан – өз салмағының сардары. Талай жекпе-жекте кіл мықтының бетін қайтарып, шеберлігін дәлелдеп келеді. Жерлесіміз ақтық сында Ресей боксшысы Сергей Колденковпен қолғап түйістірген. Төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

– Көк Туды Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталған соң өзіммен бірге алып кетіп едім. Сол кезде «Келесі әлем чемпионаты мен Олимпиада финалына шыққанда байрақты иығыма жамыламын» деп өзіме уәде бергенмін. Араға қаншама жыл салып, әлем чемпионатының финалына шықтым. Арманым орындалды. Осы ерекше сәтте сол Туды көкке көтеріп шықтым. Маған осы әлем чемпионатына сенім артып, тағы бір мүмкіндік берген бапкерлеріме шынайы алғысымды білдіремін, – деді Абылайхан Жүсіпов.
Ерекше стилімен көзге түсіп, бокс мамандарының назарын өзіне аударып жүрген Сабыржан Аққалықовтың өнері бір төбе. Бұл спортшыда «Тисін, тимесін» деп қолды сермей беру деген әдет жоқ. Көптеген боксшылар шешуші раундта дәл осы тактиканы қолданып жатады. Бірақ, Сабыржанда ол жоқ. Ал, оның дәл соққылары, соққылардан жалтаруы және аяқпен жұмыс істеуі көрерменнің назарын өзіне бірден аударып алады.

Сабыржан ақтық кезеңге дейін тамаша өнер көрсетті. Тіпті, бір жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап та үлгерген. Өкінішке орай, финалда Ресей боксшысы Исмаил Мутсолговқа есе жіберіп, жеңіліп қалды. Десе де, оның өнері көптің есінде қалды. Алдағы уақытта бұл спортшымыз да осы биікті бағындыратынына кәміл сенімдіміз.

Қазақстан боксшылары әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде ІІ орынға тұрақтады. Көшті Ресей боксшылары бастады. Олардың қоржынында 7 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль бар. Үздік үштікке 2 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлдемен Өзбекстан құрамасы енді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button