Саяси өзгерістер – жасампаз елдің жарқын болашағы
Биыл еліміз өз тәуелсіздігінің отыз бес жылдығын атап өтпек, жұртшылық үшін бұл бір ауқымды кезең болып көрінер, ал, тарих үшін өте қысқа мерзім екені ешкімге талас тудырмайды. Тіпті басты мәселе уақыттың ұзақ немесе қысқалығында ғана емес, басты жайт, елімізде осы мерзімде нендей игілікті даму үрдісі болды деген сауалдан бастау алады. Ақиқатқа жүгінсек, қазір еліміз аса ірі саяси өзгерістер қарсаңында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа, әділетті Қазақстанды қалыптастыру идеясы соңғы кездегі билік пен қоғамның арасындағы диалог, тығыз байланысқа ұласты, ал, бұл өз кезегінде демократияның дамуындағы серпінділікті аңғартады.

Сөз жоқ, егер әлем елдерінің тарихына көз жүгіртсек, әр түрлі кезеңде қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарды ескере отырып, негізгі заңдарына өзгерістер енгізгенін байқау қиын емес және ол өзгерістер тарихи жағдаймен, қоғамдық қажеттіктермен сабақтас екенін де пайымдауымыз орынды.
Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, бұған дейінгі қабылданған Конституциямыз, оған енген жекелеген өзгерістер бәрі де сол уақыт аясындағы нақты хал-ахуал, қажеттіктен туындады, ал, қазіргі жағдайда ата заңымызға енетін өзгерістер, яғни Конституциялық реформа дүние жүзінде орын алып отырған аса күрделі ахуал, қалыптаса бастаған аса қиын геосаяси атмосфера ауқымында өзгеріске ұшырайды десек, қаншалықты саяси, рухани, экономикалық жағдаятармен бетпе-бет келетінімізді бағамдау қиынға соқпайды. Билік саласындағы өзгерістер, нормативті-заңдық тұрғыдағы жаңалықтар Конституциялық реформа жобасында көрсетілуі т.б. тұтастай алғанда, әр адамның мемлекетке қызмет етуі дегеннен гөрі, халық еліміздің баға жетпес капиталы болғандықтан, заңның адамға қызмет етуі, оның еркіндігі, бостандығы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы деген аса маңызды мақсатқа ден қойғанымыз абзал.
Осы орайда ел болашағына берік сеніммен көз жүгірткен әр жан қазіргі кезеңде аса маңызды мәселе боп табылатын қоғамдық сананың қалыптасу деңгейіне назар аударар еді, бұл жайттың, әсіресе, еліміздің болашағы боп табылатын жастар үшін маңызы орасан зор.
Асылы, біздің халқымыз өткенге салауат, бүгінге тәуба дей отырып, болашаққа үлкен үмітпен қараған, тек бүгінгі уақытпен ғана шектелмей, ертеңгі күніне батыл болжамдар жасаған. Ертеңгі уақыт дегенде бүгінгі жас буын өкілдерін, шәкірттеріміз, студенттерімізді айтамыз. Егер әрбір жас буын өкілі Конституциялық реформа жобасын мұқият оқып, сана сүзгісінен өткізсе, оның бойында қазақстандық елжандылық, заманауи білімді меңгеру, ел болашағы үшін ғылыммен қарулану, өз халқының патриоты болып қалыптасу үрдісінің жүзеге асатыны анық.
Қоғамдық сана түрлерінің дамуы дегенде ел мәдениетінің негізін, қоғамның әлеуметтік құралын қалыптастырып отыратын, дүниетанымдық, әлеуметтік-танымдық қызметке ие дүниелерді айтатынымыз белгілі. Сондықтан да бұл айтылғандар қоғамды біріктіріп отыратын біртұтастықты, рухани келісім, татулықты, мемлекеттің нығайып, дамуын қамтамасыз ететін құндылықтар болғандықтан, бұл айтылғандарға Конституция реформасының жобасында айрықша мән беріледі.
Қуанышбек АДАНОВ
«Bolashaq» академиясының ректоры



