Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық барысын тексерді. Іссапар аясында орталық референдум комиссиясының төрағасы Қарағанды қаласындағы №41 және №42 референдум учаскелерінде болып, дайындық деңгейімен танысты.

Әсіресе, дауыс беру құпиясын қамтамасыз етуге, сайлаушыларды науқан туралы жан-жақты ақпараттандыруға, дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасауға және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
№41 және №42 референдум учаскелері Қарағанды қаласындағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда орналасқан. Учаскелік комиссия мүшелері өз жұмыстарын бастап кеткен. Қазіргі уақытта шақыру қағаздары толтырылып, тұрғындарға таратылуда. Барлық учаске мүшелері арнайы оқыту курсынан өткен. Әр учаскелік комиссия құрамында 9 адам бар.
– Ақпараттық көрнекілік алдын ала ілінді. Онда Конституцияның жаңа жобасы екі тілде, бюллетень үлгілері, дауыс беру нысандары, учаскелердің жұмыс кестесі және комиссия құрамы туралы мәліметтер орналастырылған. Қазіргі таңда шақыру қағаздары таратылып жатыр. Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қолға алынды, – деді №41 және №42 референдум учаскелерінің төрағасы Қымбат Оспанова.
Аймақ бойынша барлығы 651 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 4415 адам бар. Облыс бойынша 757 671 сайлаушы тіркелген, оның 5159-ы – мүгедектігі бар азаматтар. Олар үшін дауыс беруге барлық қажетті жағдай жасалмақ.
Сапар барысында Нұрлан Әбдіров екі учаскені толық аралап, дайындық барысымен егжей-тегжейлі танысты. Ақпараттық көрнекіліктің орналасуы, сайлаушыларды қабылдауға арналған жеке кабинет, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бұрыш, дауыс беру кабиналары мен бюллетень жәшіктері мұқият тексерілді.
– Ақпараттық көрнекілік кіреберісте тұруы керек. Сайлаушы алдымен барлық ақпаратпен танысып, содан кейін ғана бюллетень алуға баруы тиіс. Көзі нашар көретін азаматтар үшін үлкейткіш әйнек дайын болуы қажет. Кіріп келе жатқан және шығып бара жатқан адамдар бір-біріне кедергі келтірмеуі тиіс. Әр кабинаға бір адамнан ғана кіріп, дауыс береді. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың үйіне барған кезде дауыс беру тәртібі толық түсіндірілсін. Сайлаушының таңдауы – өз еркінде. Оған ешкім араласпауы тиіс. Барлығы заң аясында өтуі қажет, – деп нақты тапсырмалар берді ОРК төрағасы.
***
Жиын одан әрі Қарағанды қаласындағы Достық үйінде жалғасын тапты. Мұнда құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшыларының, аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің қатысуымен республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге дайындық мәселелері жан-жақты қаралып, сарапқа салынды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 12 ақпандағы Жарлығымен 15 наурызға республикалық референдум тағайындағаны дүйім жұртқа мәлім. Бұл – елдің саяси-құқықтық өміріндегі маңызды кезең. Референдум тек дауыс беру күнімен шектелетін науқан емес. Нақтылап айтқанда, процесс 12 ақпаннан басталған. Дәл сол күні Орталық комиссия негізгі ұйымдастыру шараларының жоспарын бекітіп, құжаттардың үлгі нысандарын және бюллетень формасын мақұлдады, – деді төраға.
Нұрлан Мәжитұлы референдумды өткізу барысында екі негізгі құжат басшылыққа алынатынын атап өтті: Қазақстан Республикасының Конституциясы және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң. Заң талаптарына сәйкес: Орталық сайлау комиссиясы – Орталық референдум комиссиясының өкілеттігін, аумақтық сайлау комиссиялары – аумақтық референдум комиссияларының функцияларын, учаскелік сайлау комиссиялары – учаскелік референдум комиссияларының міндеттерін атқарады.
Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, республика бойынша барлығы 10 411 учаскелік комиссия құрылған. Дайындық жұмыстарына 71 мыңнан астам адам тартылған. Оның ішінде 821 адам ғана кәсіби негізде жұмыс істейді, ал, қалғандары – дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер және басқа да сала өкілдері.
Комиссия мүшелерін даярлау «каскадты әдіс» бойынша жүргізілуде: орталық деңгей өңірлік комиссияларды оқытады, ал, өңірлер өз кезегінде учаскелік комиссия мүшелерін үйретеді.
Сонымен қатар, халықаралық бақылауға ерекше мән берілген. Референдумның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 11 халықаралық ұйым мен 30-дан астам мемлекеттің орталық сайлау органдарына шақырту жолданған.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдің референдум өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.
– Бүгінгі таңда облыс аумағында республикалық референдумды өткізуге барлық ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық шаралар толық орындалды. Дайындық жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Ең алдымен, сайлаушылар тізімін нақтылау мәселесіне баса назар аударылған. Облыс бойынша 757 671 азамат референдумға қатысу құқығы бар тұлғалар ретінде тізімге енгізіліп, тиісті комиссияларға берілді. Азаматтардың өз деректерін тексеруі үшін бірнеше тетік іске қосылды. Атап айтқанда, тәулік бойы жұмыс істейтін «Сенім 109» байланыс орталығы, облыстың 13 өңірінде орналасқан 15 call-орталық, қала және аудан әкімдіктерінің ресми сайттары арқылы онлайн тексеру мүмкіндігі, – деді ол.
Өңірде барлығы 637 референдум учаскесі жұмыс істейді. 297 дауыс беру кабинасы, 386 ақпараттық көрнекілік, 664 дауыс беру жәшігі орнатылған. Барлық учаскелер компьютерлік техникамен, қажетті жиһазбен және тұрақты интернет байланысымен қамтамасыз етілген. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қатысуына да барынша жағдай жасалған.
Кеңесте Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Бердібеков референдум барысындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Біздің негізгі міндетіміз – референдум өткізу кезінде заңдылықтың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету. Аймақтық референдум комиссиясымен, құқық қорғау органдарымен және жергілікті атқарушы құрылымдармен тұрақты өзара іс-қимыл орнатылған. Қазіргі таңда референдумға қатысты прокуратура органдарына ресми арыз-шағымдар түспеді, – деді Ержан Сәкенұлы өз сөзінде.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шаралары да назарда. Облыстағы 637 учаскені қорғауға 2 550 полиция қызметкері жұмылдырылады.
Кеңесте Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
– Облыста мүгедектігі бар 54 880 азамат тұрады. Оның ішінде 35 мыңнан астамы дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет етеді. Әрбірінің сайлау құқығын толық іске асыруы үшін тиісті шаралар қабылданды. Барлық учаскелер пандустармен, тактильді белгілермен және кеңейтілген дауыс беру кабиналарымен жабдықталған. Дауыс беру күні инва-такси қызметі ұйымдастырылып, сурдоаудармашылар мен жеке көмекшілер тартылатын болады, – деді басқарма басшысы.
Кеңесте Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов референдумды ұйымдастырудың ішкі басқару тетіктері мен комиссия мүшелерін даярлау жұмыстарына тоқталды.
– Дайындық жұмыстары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Әрбір комиссия мүшесінің міндеті нақты айқындалған, жауапкершілік деңгейі күшейтілген, – деді Қайрат Қаршығаұлы.
Жұмыс сапары референдум комиссиялары мүшелеріне арналған семинар-тренингпен аяқталды. Онда қолданыстағы нормативтік-құқықтық база егжей-тегжейлі түсіндіріліп, ұйымдастыру және өткізу рәсімдеріне қатысты барлық сұрақтарға жауап берілді. Тәжірибелік бөлімде кейстік жағдайлар қарастырылып, дауыс беру күні туындауы мүмкін штаттан тыс ахуалдарға әрекет ету алгоритмдері пысықталды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН



