Бас тақырыпРесми

Саяси науқанға дайындық басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында биыл елімізде алғаш рет аудандар мен облыс­тық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтетінін мәлімдеген еді. Осы мақсатта өңіріміз бойынша екі аудан мен бір қаланың әкімін сайлауға үміткерлерді тіркеу басталып кетті.

Республика бойынша 45 аудан мен қала әкімдерін сайлау пилоттық сипатқа ие болды. Оның ішінде Қарағанды облысынан Ақтоғай, Осакаров аудандары мен Приозерск қаласында сайлау 5 қараша күні өтеді. 16 қыркүйектен кандидаттарды іріктеу басталып кеткен. Үміткерлер екі түрлі жолмен ұсынылуы мүмкін. Бірінші – өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ұсынған үміткер. Екінші – дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлау­шыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады.

– Конституциялық заңға сәйкес жа­рия­лылық пен ашықтық – сайлау комиссиялары қызметінің негізі. Қазірдің өзінде Осакаров ауданы бойынша бір үміткер белгілі болып отыр. Партиялық тізім бойынша ұсынылған. Барынша ашық, әділ сайлау өтуі үшін тиісті, нақты шаралар жасалуда. Пилоттық режимдегі сайлауда аумақтық комиссиялар толық жұмыс істеп, байқаушылар да бекітіледі, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.

Саяси процестерді дамытуда аудан, қала әкімдерін сайлау қашанда маңызды. Осыған дейін әкімдерді жанама құқық негізінде мәслихат депутаттары таңдаған болса, енді тұрғындардың өздері сайлайтын болады. Бұл құқықты алғаш болып, Приозерск, Ақтоғай және Осакаров аудандарының тұрғындары пайдаланбақ. Сайлау науқаны 51 күнге созылады.

– Кандидаттарды іріктеу басталып кеткен. Кандидаттарды ұсыну 5 қазанға дейін жалғасады. 10 қазанға дейін тіркеледі. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыс­тары 10 қазанда кешкі сағат 18:00-ден басталып, 4 қарашада сағат 00:00-де тоқтатылады. 4 қараша тыныштық күні. Ал, дауыс беру 5 қарашада өтеді, – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сандуғаш Асылбекова.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button