Бас тақырыпПрезидент

Саяси кеңес: партияның өркендеуі – уақыт талабы

Кеше елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ел дамуына қатысты жаңа міндеттер мен бағыт-бағдарлар айқындалды. Партия жұмысын жандандыруға және бағдарламадағы мақсаттарға жетудегі кедергілерді жою жолдары да жария етілді. Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамның сенімін арттыру маңыздылығына назар аударды.

«ҚОЛ СЕРМЕЙ БЕРМЕҢІЗДЕР»

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның сайлауалды бағдарламасын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарын іске асыру қажеттілігін атады. Сондықтан, осы орайда партияның белсенді мүшелерін іріктеу керек. «Біздің партия осыған жұмылып, орындалу барысын бақылап, Үкімет әкімдермен бірге өз орындарында есеп беріп, күнделікті мәселелерді шешуі тиіс. Қол сермей бермеңіздер. Бағдарламалар мен қаржыландыру бар. Жұмыс істеңіздер. Қолдарыңыздан не келетінін көрсетіңіздер. Демек, өңірлерде барынша жұмыс жүргізіп, әрбір адаммен жүкті көтерісу керек. Алдағы сайлауда белсенді әрі лайықты партияластарды ортаға шығару үшін жағдай жасау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы партия құрамында қазіргі уақытта белсенді азаматтар бар, алайда жеткіліксіз дейді. «Бүгін мен жүйелі түрде партиялық қайта өркендеуді ұсынамын. Оның тақырыбы – «Сенім. Диалог. Болашаққа сенім. Партияның тиісті импульстары». Біріншіден, партияның белсенді мүшелерін біріктіруі тиіс. Оларды – «ядролық» деп атау керек. Ядролық деген – ядролық бомба емес, белсенді мүшелер деген сөз. Көшеге шығып, шындығын дәлелдей алатындар. 800 мың партияластың ішінде кім өзін белсенді түрде көрсете алады? Шымкентте партияның туын жыртып кеткенде ешкім былқ еткен жоқ. Бәрі отырды. Партия қайда болды? Кейін ғана қалпына келтірілді. Міне, осы кезде белсенділік көрінуі керек еді», – деді Елбасы.

БАРЛЫҚ САЙЛАУ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МЕРЗІМДЕ ӨТЕДІ

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген кезектен тыс Мәжіліс сайлауына қатысты сыбысты жоққа шығарды. Тұңғыш Президент сайлаудың барлығы өз мерзімінде өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, мәслихаттың сайлауы мәжілістегідей партиялық тізіммен өтеді.

«Келесі мәслихаттағы сайлау мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өтеді. Барлық сайлау конституциялық мерзімде өтеді. Қазір Үкімет пен атқарушы билік жаңа сайланған Президент Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылуы тиіс. Біздің партиямыздың мақсаты осы болуы керек», – деді Елбасы.

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕ ҚАРАЛАДЫ

Тұңғыш Президент жоғары оқу орындарында бүгінде белең алған сыбайлас жемқорлықты сынға алды. «Көптеген жоғары оқу орындарында емтиханды ақшалай сыйлықақыға тапсыратындығын барлығымыз да білеміз. Оқуға түсетін кезде болғанын білетін едік. Әдетте сессия кезінде сынақ пен бағаны сатып алатын еді. Студенттерге жатақханада орындарды бөлу, басқа да өмірлік проблемаларды шешу барысында пара беруге мәжбүрлейді. Бұл жастар тарапының барынша наразылығын туындатады.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Қауіпсіздік кеңесіне арнайы топтармен бірге университеттерді ішінара іріктеп алып, осы мәселені зерделеуді және оны Қауіпсіздік кеңесінің талқылауына шығаруды тапсырамын» – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің талқылауынан кейін нақты шешімдер қабылданады.

«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕУІ ТИІС

Нұрсұлтан Әбішұлы ауқымды «Ауыл – ел бесігі» жобасын тапсырғандығын, әйткенмен, оның тек инфрақұрылыммен ғана шектеліп тұрғанына қынжылысын жасырмады. Жобаның басты мақсаты – ауыл жастары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, оларды ауылда тұрақтату болғанымен, бағдарлама өз жүгін алып жүре алмай отырғанын атады. Сол себепті, Үкіметке осы мәселелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

УНИВЕРСИТЕТТІ 10-20 ЖЫЛ БАСҚАРҒАН РЕКТОРЛАР АУЫСАДЫ

Елбасы 10-20 жыл бойы тапжылмай университетті басқарған ректорлардың ауысуы қажеттігін айтты. Бұл орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке тапсырма берді. Балаларға жаны ашып, шынымен, сапалы білім беруге ұмтылатын адамдарды ғана қалдыруды міндеттеді.

АҚПАРАТТЫҚ СТРАТЕГИЯНЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ҚАЖЕТ

Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі таңда дәстүрлі БАҚ-тың беделі төмендеп бара жатқанына айрықша тоқталды. Шенеуніктердің редакторларға қысым көрсететіні де, сыни материалдардың да жарыққа шықпай жатып, жолы кесілетіндігі де Төраға назарынан тыс қалмады. Осы орайда, «Nur Otan» ақпараттық стратегиясын қайта қарастыруы керек деп біледі Елбасы. «Партиялық БАҚ шынайы әрі жедел ақпараттың көзіне айналып, оза жұмыс жүргізуі тиіс. Ең дарынды адамдарды тартып, тиісті айлық төленуі керек» – деді.

Сол себепті, Елбасы партия алға қарай жылжитын, ақпараттық, идеологиялық саясатты жүргізуі тиіс деді.

ФРАКЦИЯ – КҮШ

Жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәжілістегі фракция жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандитатурасын ұсынды.

«Біз әлі де болса ескіше жұмыс істеп келеміз. Бізде фракция түсінігі күлкілі болып көрінеді. Қай кезде болды? Фракция дегенді біз көргеніміз де жоқ. Әлі күнге дейін фракцияның үлкен күш екенін білмейміз. Көп жағдайда сол айқындайды.

Фракция Премьер-Министр кандидатурасын айқындайды. Жаңа заңға сәйкес министрлерді де өткізуі тиіс. Неге бірде-біреуін қабылдамай қоймады? Неге жұмысқа ұқыпсыздығы үшін лауазымынан алып тастауды ұсынбады?» – деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің пайымынша, фракция мықты болуы тиіс. Сонда ғана оның беделі жоғары болады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button