Саясаттың жаңа кезеңі
Жастар – кез келген қоғамның стратегиялық капиталы. Ал, конституциялық реформа сол капиталдың саяси және азаматтық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды кезеңге айналды. Билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, Конституциялық соттың құрылуы, саяси қатысу мүмкіндігінің кеңеюі – мұның барлығы жастардың құқықтық белсенділігі мен қоғамдық рөлін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Осы өзгерістердің мәні мен жастарға әсері туралы Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Ернат Әбутаев cұхбат берген болатын.

– Конституциялық реформа ел басқару жүйесінде қандай нақты өзгерістер әкеледі деп ойлайсыз?
– Бұл реформа, ең алдымен, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті күшейтеді. Парламенттің рөлі артып, заң шығару процесіндегі ықпалы кеңейді. Президент өкілеттігінің бір бөлігі қайта бөлініп, саяси жауапкершілік жүйесі нақтыланды. Бұл – суперпрезиденттік модельден ықпалды Парламенті бар президенттік басқару формасына көшуге жасалған қадам. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясы аясындағы өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Ең бастысы, жастардың саяси қатысу мүмкіндігінің кеңеюі. Партия құру талаптарының жеңілдеуі, аралас сайлау жүйесінің енгізілуі, бірмандаттық округтердің пайда болуы жастарға өз кандидатурасын ұсынуға немесе қоғамдық бастамаларға белсенді араласуға жол ашты. Бұрын саяси процестерге араласу белгілі бір деңгейде шектеулі болса, енді құқықтық алаң кеңейді. Бұл – жастардың өзін қоғамның толыққанды субъектісі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді.
– Конституциялық өзгерістер жастардың қоғамдық және саяси белсенділігіне қалай әсер етеді?
– Жаңа мүмкіндіктер берілген сайын азаматтық жауапкершілік те артады. Жастар енді тек бақылаушы емес, өзгерістердің белсенді қатысушысы бола алады. Қоғамдық кеңестерге қатысу, волонтерлік қозғалыстар, әлеуметтік жобалар, сайлау процестеріне араласу – осының бәрі саяси мәдениетті қалыптастырады. Белсенділік бір күнде пайда болмайды, бірақ, құқықтық негіз қаланғанда ол біртіндеп арта түседі. Жастардың көпшілігі өзгерістер туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алады, бірақ, құқықтық мазмұнын терең талдай бермейді. Сондықтан, мектеп пен жоғары оқу орындарында құқықтық сауаттылықты күшейту, түсіндіру жұмыстарын арттыру маңызды. Әсіресе, ауыл жастары мен қала жастары арасындағы ақпаратқа қолжетімділік айырмашылығын азайту қажет.
– Реформа қоғамдағы ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейте ала ма?
– Егер заң нормалары нақты әрі жүйелі түрде орындалса, ашықтық деңгейі артады. Мәслихаттардың өкілеттігінің кеңеюі, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы – аймақтардағы қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Парламенттік тыңдаулар, есеп беру кездесулері, жария талқылаулар көбейсе, азаматтардың сенімі де артады. Ашықтық тек құжат жүзінде емес, іс жүзінде көрінуі керек.
– Бұл реформаның нақты нәтижесін жастар өз өмірінде қай салада сезіне бастайды?
– Ең алдымен, саяси қатысу, білім беру және еңбек нарығында. Әділ сайлау жүйесі, ашық конкурс механизмдері, әлеуметтік қолдау бағдарламалары – мұның бәрі жастардың болашаққа деген сеніміне әсер етеді. Егер құқықтық нормалар толық жүзеге асса, жастар өз еңбегінің әділ бағаланатынын, дауысының ескерілетінін сезінеді. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің негізі.
Жалпы алғанда, конституциялық реформа – бір сәттік нәтиже беретін науқан емес, ұзақ мерзімді саяси үдеріс. Оның тиімділігі азаматтардың, соның ішінде, жастардың белсенділігі мен құқықтық мәдениетіне тікелей байланысты. Егер берілген мүмкіндіктер дұрыс пайдаланылса, бұл өзгерістер елдің демократиялық дамуына және жастардың қоғамдағы рөлінің артуына нақты серпін береді.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


