Саясаттағы негізгі идеология – адамды құрметтеу

Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова академиялық және құқық қорғаушы қоғамдастықпен кездесу мақсатында Қарағандыға ат басын бұрды. Сот Төрағасы жұмыс сапары барысында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына барып, университет ұжымымен кездесті. Онда сот судьялары Р.Подопри­гора, Е.Оңғарбаев және А.Жатқанбаева дәрістерін өткізді.

Конституциялық Сот Төрағасы ақпараттық-ағарту қызметін жүргізу жұмысына жастарды қатыстыра отырып, конституциялық бақылау органына көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін жоғары оқу орындары басшылығына алғысын білдірді. Эльвира Азимова 2022 жылғы кон­с­титуциялық реформаның нәтижесінде жаңартылған үлгіде құрылған Конституциялық Соттың қызметі туралы егжей-тег­жейлі айтып берді.

«Конституциялық Соттың негізгі міндеті – республиканың бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету. Азаматтарға, Бас прокурорға және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге осы органға жүгіну құқығын беру қайта құрылған конституциялық бақылау органының айрықша ерекшелігі», – деп атап өтті Эльвира Әбілқасымқызы.

Сондай-ақ, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне барды. Кездесуге университеттің заң, саясаттану, тарих факультеттерінің профессорлық-оқытушы құрамы және студенттер қатысты.

Іс-шараны университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Нұрлан Дулатбеков ашты:

– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап, құқықтық-демократиялық мемлекет болып қалыптасуды мақсат етті. 1 жыл бұрын елімізде конституциялық реформа жалпыұлттық реформа нәтижесінде жүзеге асты. Сол арқылы аса бір қажетті бастама – бұрын болған конституциялық топ қайта қалпына келтірілді. Азаматтардың бұзылған конституциялық құқықтарын қалпына келтіру үшін тікелей Конституциялық Сот құру туралы Мемлекет басшысы көтерген бастама қолдауға ие болып, құқық қорғау бағытында өз жұмысын бастап кетті, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Сондай-ақ, ректор әр жылдарда университет қабырғасынан шыққан мықты заңгерлер Қазақстанның Конституциялық Кеңесінің жұмысына сүбелі үлес қосқанын, бүгінгі таңда сол үрдіс меморандум аясында жалғасып келе жатқанын айтты.

Кездесуде Конституциялық Соттың рөлі, бүгінгі таңдағы басымдықтары мен мақсат-міндеттері жайында сөз қозғалды.

– Мемлекет басшысы айтқандай, Конституциялық Соттың негізі – азаматтарға қосымша қолдау көрсету. Сонымен бірге, қоғамымызда, мемлекетімізде тепе-теңдікті сақтау. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жаһандық күн тәртібіндегі 17 индикаторларының ішінде құқықтың үстемділігі және азаматтардың құқығын қорғау мәселесі аса маңызды. Заңды орындамау бұзушылыққа әкеледі, ал құрметтемеу анархияға әкеледі. Заңның орындалуына азаматтар қатысады. Сондықтан, қоғамның сұрауын, мемлекеттің сол сұрауға сәйкестігін бақылайтын тек қана Конституциялық Сот емес, әрбір қазақстандық азамат.
Біздің саясатымыздың негізгі идеологиясы – адамды құрметтеу. Адам құқықтарын құрметтей отырып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Әр азаматтың қоғамның құндылықтарын білуі, күнделікті өмірде пайдалануы маңызды, – деді Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.

Сондай-ақ, кездесу барысында Конс­титуциялық Соттың судьялары Айжан Жатқанбаева, Роман Подопригора жалпы соттардың қызметі жайында, мемлекеттік органдарда құқық қолдану тәжірибесін ұстану, адам құқығы, құқықтық сауаттылықты арттыру т.б. маңызды мәселелер туралы сөз қозғады.

Кездесу соңында Бөкетов университеті мен Конституциялық Сот арасындағы ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам жасалып, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім мен тәжірибе алмасудың, сондай-ақ құқықтану және құқық қорғаушы бағытындағы зерттеулер саласында бірлесіп жұмыс істеудің жаңа перспективаларын ашады.

Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова кенді өлкеге жұмыс сапары аясында «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» Қоғамдық Заң Орталығы, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халық­аралық бюро» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалы, сондай-ақ облыс кәсіпкерлерінің қауымдастығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белсенді қолдайтын басқа да қоғамдық бірлестіктермен, өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Эльвира Әбілқасымқызы Консти­ту­ция­лық Сотқа 9 айда азаматтардан 4 мыңнан астам өтініш келіп түскенін және 27 нормативтік қаулы қабылданғанын, оның 21-і азаматтардың өтініштеріне байланысты екенін айтты. Төраға Қарағанды облысы азаматтардың өтініштер саны бойынша көшбасшы аймақтардың бестігіне кіретінін айтты. Конституциялық Сотқа Қарағанды тұрғындарынан 300-ге жуық өтініш келіп түскен.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.