Бас тақырып

Саясат Нұрбек «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығын 30 жылдық мерейтойымен құттықтады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің фармацевтика саласындағы ірі ғылыми мекемелерінің бірі – «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығын 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Министр өз сөзінде орталықтың отандық ғылым мен фармацевтиканың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Сурет ortcom.kz

– «Фитохимия» орталығы 1990 жылдары табиғи қосылыстар химиясы зертханасы ретінде құрылып, бүгінде еліміздің стратегиялық маңызы бар ғылыми мекемелерінің қатарына қосылды. Бұл жылдар ішінде орталық отандық ғылымды әлемдік деңгейге көтеріп, фармацевтикалық өнімдердің жаңа буынын әзірлеуде көшбасшы атанды.

Орталықтың басты жетістіктерінің бірі – 11 елде патенттелген «Арглабин», «Салсоколлин», «Саусалин», «Экдифит», «Экдисоп», «Аяфрол» секілді бірегей дәрілік препараттарды жасап шығару. Сонымен қатар орталықтың бастамасымен Қарағанды фармацевтикалық зауыты іске қосылып, бүгінде 70-тен астам отандық дәрі шығарып келеді.

30 жыл ішінде «Фитохимия» жанынан халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми мектеп қалыптасты. Мұнда 17 докторлық, 60-тан астам кандидаттық диссертация қорғалып, 20 PhD және 30-дан аса магистр даярланды. Орталық аумағында орналасқан және 17 елдің 150-ден астам шетелдік ғалымдарын біріктіретін Халықаралық орталық — бұл мекеменің әлемдік ғылымдағы беделінің дәлелі.

Сонымен қатар орталық шетелдік бизнес-серіктестермен бірлесіп жаңа дәрілік заттарды өндіруге және оларды нарыққа шығаруға белсенді атсалысуда. Венгрияның Pannon Pharma LTD компаниясымен бірлесіп өсімдік негізіндегі препараттарды Еуропа нарығына шығару, сондай-ақ Қытайдың Shanghai Zenith Biotech Co.Ltd компаниясымен бірлескен субстанциялар өндірісі – осы бағыттағы маңызды қадамдар қатарында.

Саясат Нұрбек өз құттықтауында орталық ұжымына табыс тілеп, ғылым мен өндірістің өзара үйлесімін нығайта отырып, еліміздің фармацевтикалық қауіпсіздігіне үлес қоса беруге шақырды.

«Фитохимия» орталығы – бұл тек ғылыми мекеме ғана емес, бұл – Қазақстанның ғылымға, денсаулыққа және болашаққа деген сенімінің көрінісі, – деді министр өз құттықтауында.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button