Саяхат сапасын инфрақұрылым шешеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте өңірлік туризмнің өсуін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Осы тапсырмаларды іске асыру аясында жауапты орындаушылар бекітілген облыстық іс-шаралар жоспары қабылданды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында негізгі мәселеге көшпес бұрын, кадрлық өзгерістер жөнінде мәлімдеме жасалды.

Өзге жұмысқа ауысуына байланысты Бибігүл Төлегенова облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Ал, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова зейнет демалысына шықты. Аймақ басшысы әріптестеріне адал еңбегі үшін алғаусыз алғысын білдірді. Айта кету керек, Бибігүл Төлегенова денсаулық сақтау басқармасындағы 32 жыл ішінде жетекші маманнан басшыға дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Салтанат Әбеуова мемлекеттік қызметте 40 жылға жуық жұмыс істеді. Аудан әкімі лауазымында болған алғашқы нәзікжанды қалпында жылнамаға жазылды. Ақтоғай ауданының әкімдігін басқарды. 2023 жылдың ақпанынан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Туризм тұрғысында сөз алған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская «Туризм жай хобби немесе сән емес. Бұл көп адамның қалыпты өмірлік қажеттілігі» деп қаперге салды. Осы орайда, өңірде туризмді дамытудың жол картасы әзірленген. Оның негізгі бағыттары – Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданы.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша туризм саласында оң өзгерістер байқалды. Демалыс және орналастыру қызметтерін көрсететін 269 нысан жұмыс істеп, аталған көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 9,8%-ға артқан. Туристер саны 385 мың адамға жетіп, оның ішінде шетелдік қонақтар саны 30%-ға, ал, ішкерідегі туристер саны 5,1%-ға көбейді. Қызмет көрсету көлемі 8,8 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,7 млрд теңге болып, 14,6%-ға өсті. Биыл 500 мыңға жуық туристі қабылдап, 23 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Туристердің жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілу үстінде. Мәселен, былтыр «Қарағанды-Балқаш» автомобиль жолының реконструкциясы аяқталды. «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы жолдың орташа жөндеуі 2025 жылы аяқталады деп көзделуде. Балқаш қаласы әуежайының жан-жақты жаңғырту жұмыстары да іске асып келеді. 2024 жылы ұшу-қону жолағы мен перрон қайта жөнделді. Жыл соңына дейін «Балқаш әуежайы ғимаратын қайта жаңғырту» әрі «Арнайы көлік қызметі ғимаратын салу» жобаларын іске асыру межесі тұр.
Осы жылдың маусымынан қазанына дейін «SCAT» авиакомпаниясы «Балқаш-Астана» және «Балқаш-Алматы» бағыттары бойынша субсидияланған рейстерді 14 000 теңге тарифімен орындамақ. Әрі маусым мен тамыз аралығында құрамында 6 вагоны бар «Қарағанды-Балқаш» бағытындағы облысішілік жолаушылар пойызы әр екі күнде бір рет қатынайды. Сонымен, әуежай реконструкциясы аяқталғаннан кейін Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларына жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр.
Салаға инвестор тарту мақсатында жалпы көлемі 205,8 гектар бос жер телімдері түгенделіп, аукцион арқылы ұсынылатын болады. Былтыр Қарқаралы ауданында ұлттық табиғи паркпен шекаралас орналасқан 75 гектарлық «Бұғылы» рекреациялық аймағына инженерлік инфрақұрылым жүргізу жобасының-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда құрылыс бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
– Биылдан туристік ақпараттық орталық өз жұмысын бастады. Орталық туристерге ақпараттық қолдау көрсетіп, сапар ұйымдастыруға көмектеседі. Жаңа туристік бағдарламалар әзірлейді. Қонақүйлерді таңдау мен брондау платформаларын құрып, жасанды интеллект негізінде виртуалды кеңесші жобасын іске қосты. Мұнымен бірге, блогерлер және туристік агенттермен тығыз жұмыс істеп, аймақтың тарихи және табиғи нысандарына экскурсиялар ұйымдастырады. Қажетті ақпаратты visitqaraganda.kz сайтынан оқып, таныса аласыз, – деді Ирина Любарская.
Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, жаппай демалыс орындарын анықтау үшін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Облыста агро және экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Бұл бағыттар өңірдің табиғи мұрасын сақтауға және тұрақты экономикалық өсуге ықпал етеді. Агротуризм ауылдық өмірмен танысу және ауыл шаруашылығына қатысуды көздейді. Мысалы, Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылы Қазақстандағы ең үздік бес туристік ауылдың қатарына кірді. Экотуризм – ұлттық парктер, көлдер, тау жоталары мен далалық кеңістіктер сияқты ерекше табиғи нысандарда дамып келеді. Қарқаралы ұлттық паркі, Бектау-Ата, Балқаш көлі және «Бұйратау» ұлттық паркі – экотуризмнің көрнекті нысандары.
Балалар туризмі сауықтыру лагерьлері, экологиялық бағыттар және мәдени экскурсиялар арқылы дамып келеді. Биыл балалар демалысына арналған инфрақұрылымды кеңейту жоспарланған. Бұл көп баланы қабылдауға және жаңа білім беру ойын-сауық мүмкіндіктерін ұсынуға жол ашады. Медициналық туризм де маңызды салаға айналуда. Бұл бағытта Қарқаралыдағы «Арасан» және «Жосалы» санаторийлері, Бұқар жырау ауданындағы «Саялы» санаторийі сияқты негізгі ошақтар бар. Табиғи жағдайда емделу және оңалту қызметтері туристер үшін тартымды.
Туризм бизнесіне мемлекеттік қолдау көрсетілуде. 2024 жылы Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 107 жобаға субсидия және кепілдендіру түрінде қаржыландыру берілді. 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 жобаға 265 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлерге санитарлық тораптарды ұстауға жұмсалатын шығындар субсидияланып, туристік нысандар құрылысы мен реконструкциясына кеткен шығындардың бір бөлігі өтеледі.
Биылдың өзінде жалпы сомасы 3,6 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде, 2,2 млрд теңгелік үш жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енеді. «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен Балқаш шаһарында 134 нөмірлік қоры бар қонақ үй кешені – апартаменттер мен виллалар салу көзделді. Абай ауданының Шерубай-Нұра су қоймасының жағалау аймағын дамытуға ерекше назар аударылады.
Туризм саласын дамыту – өңір болашағына салынған инвестиция. Жүйелі жұмыс, бизнесті қолдау және инфрақұрылымдық шешімдер арқылы Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ауданы еліміздің жетекші туристік бағыттарының біріне айналады деген сенім бар.
Аппараттық кеңесте қалалар мен аудан әкімдері сөз алып, межелеген мақсаттары турасында мәліметтерді алға тартты.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев туризм саласының өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде әрі уақытылы атқарылуы қажет екенін қадап айтты. Ол туризм нысандарының келбетіне, қызмет көрсету сапасына және тазалық деңгейіне ерекше назар аудару керектігін тілге тиек етті.
– Кез келген саяхаттаушы, ең алдымен, демалатын орынның тазалығына мән береді. Жоғары сервис пен мүмкіндіктерге баға беру үшін алдымен қарапайым, бірақ, маңызды – тазалық тәртібі сақталуы керек. Турист үшін бірінші әсер – шешуші фактор. Сондықтан, әрбір туристік нысан тап-тұйнақтай, мұнтаздай таза болуы тиіс. Бұл – біздің салаға деген көзқарасымыздың көрсеткіші, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, инфрақұрылымды жетілдіру, қызметкерлердің кәсібилігін арттыру және туристерге жайлы жағдай жасау арқылы ғана өңірдің тартымдылығын арттыруға болатынын айтты.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»