Саябақты артық коммерциясыз, нағыз демалыс аймағына айналдырамыз – Облыс әкімі
Қарағандыда Үлкен Бұқпа өзенінің арнасын ретке келтіру және Орталық саябақтағы көлдерді тазарту жобасы жалғасып жатыр. Жұмыс толық аяқталғанда, су айдындары тазартылған сумен толтырылып, олардың экологиялық ахуалы жақсарып, аумақ тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы демалыс орнына айналады.
Өткен жылы өзеннің негізгі арнасы мен сол жақ тармағы тазартылып, плиталық жабынды мен қарау люктері жаңартылды. Нәтижелері қазірдің өзінде байқалады. Биыл бірінші көлге қосылатын жергілікті тазарту нысандарын салу көзделген. Олар құбыр арқылы екінші көлмен, ал екінші — үшіншімен байланыстырылып, көлдер арасында су айналымы қамтамасыз етіледі.
Бастапқыда жоба көктемгі тасқын кезінде ғана жұмыс істейтін қысымсыз жүйені қарастырған. Бұл кезде көлге шамамен 168 текше метр таза су, яғни көлемінің үштен бірі ғана құйылатын еді. Жүйенің жұмыс мерзімін ұзарту және жаз-күз айларында да су беруді қамтамасыз ету үшін сорғы жүйесіне көшу және тазарту нысандарын көлдерге жақын орналастыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, жылы күндері су қорын толықтыру үшін көл маңында ұңғымалар бұрғылануда.
Жуырда жүзбелі экскаватордың көмегімен бірінші көл балдырлардан механикалық тазартудан өтті. Тазалықты сақтау мақсатында мұнда бензин және дизель отынды моторлы қайықтарды пайдалануға тыйым салынып, тек катамарандар, электрмоторлы және ескекті қайықтарға рұқсат берілді.
— Үлкен көлдегі жұмыс аяқталды. Соңғы екі жылда оған 90 мың шабақ жіберілді. Қазір олар жақсы бейімделіп, өсіп, балдырларды белсенді түрде жоюда. Енді екінші және үшінші көлдерге кірісеміз. Алғашқы аяз түскен соң үшінші көлді тиегіштер мен экскаваторлардың көмегімен механикалық тазартамыз. Келер жылы мұнда субұрқақ орнатамыз, – деді қала әкімі Мейрам Кожухов. – Ал екінші көлді тазалап, оны хайуанаттар бағының қамқорлығына береміз. Жазда бұл жерге бірқатар су құстарын көшіреміз.
Қалалықтарға арналған тағы бір демалыс орны – «Көгілдір тоғандар» аумағы болмақ.
— Бұл аумақтағы басты міндет – көгалдандыру. Сондай-ақ, саябақты заманауи сәулеттік нысандармен, ландшафтық шешімдермен және арт-объектілермен безендіреміз, – деді қала әкімі.
Көркейту жұмыстары тек тұрғын аудан жағында жүргізіледі. Қарсы беттегі жағалауларда бұрынғыдай балық аулау мүмкіндігі сақталады.
Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, биологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
— Сіздердің міндеттеріңіз – саябақты артық коммерциялық нысандарсыз, тұрғындарға арналған нағыз демалыс орнына айналдыру. Біз биобаланс сақтауға бағытталған бастамаларды қолдаймыз және жаңа демалыс аймақтарын құруды жалғастырамыз. Қалада осындай орындар көбірек болуы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА