Саябақтар салтанаты артады
«Қазақстанның ең таза қаласы» дегенде ойымызға алдымен еліміздің ең ірі 20 шаһарының ішінде Қарағанды емес, Қостанай қаласын жиі атап жатамыз. Кейінгі сараптамалық зерттеулер мен түрлі сауалнамалар нəтижесі де осы сөзімізді растайды. Ащы да болса, шындық. Семей, Алматы, Қарағанды, Теміртау қалалары ең лас дейтін баға алуда.
Не дегенімізбен, биыл қала қонақтары мен тұрғындарын екі жаңалықпен ғана қуантуға болар. Біріншісі, бес жылдан бері істен шыққан қала аумағындағы субұрқақтар жөндеу жұмыстарынан өтіп, қаланың əрін кіргізді. Екіншісі, Қарағандыда жерасты өткелдері ретке келтірілуде. Көптен күткен екі жерасты өткеліне – Орталық əмбебап дүкені мен Кеншілер мəдениет сарайы маңына күрделі жөндеу басталып, заманауи қалыпқа келтіріле бастады.
Қаланың қос аудан əкімдері биылға абаттандыру жайлы «лəммим» дей қоймады. Əсілі, тұрғындар пікірін бажайлаған болу керек. Былтыр Қазыбек би атындағы ауданның 13 ауласында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Яғни, аулаішілік жолдарды жарықтандырумен жəне асфальттаумен қатар, балалар алаңы орнатылды.
Əзір тұрғындардың қала орталығын абаттандыру ахуалына «бестік» қоюға қолы бармай тұр. Арнайы сауалнама жүргізгенімізде олар «Бұрын Қарағанды – жасыл қала болатын, бүгін жасылдандыру шаралары көпе-көрнеу көзбояушылыққа айналып кеткендей», «Қарағандыда кез келген абаттандыру жұмысы алдымен ағаш кесуден басталады» дейді жарыса.
– Қарағандының орталық көшелері көзге таза болып көрінгенімен, жаяу жүргіншілер жүретін жолдар бейберекет қалпында қалып жатады. Оның себебі – біреу. Əдетте көлік жолдарын арнайы техника тазалап өтеді. Тазалайтын дөңгелек «сыпырғышы» жол жиегіндегі қорда шаңның көбін жиекжолдарға шашып кетеді. Онан соң қайырылып келіп, жаяу жүргіншілер жолына мəн беріп жатқан жан баласы жоқ. Бұл үдеріс маңайдағы жасыл желекке де зардабын тигізуде. Мұндай «тазалық амалдарының» тұрғындарға қандай пайдасы бар? – дейді қала тұрғыны Елдос Қайыр сұраулы жүзбен.
Саябақтарды абаттандыру жаз мезгілінде көбіне көп «Жасыл ел» сарбаздарының күшімен жүзеге асып жатады. VIII шақырылған Қарағанды қалалық мəслихатының кезектен тыс IV сессиясында бірқатар тұрғын үйлердің, магистральдық желілердің, нөсерлі кəріз объектілерінің құрылысын аяқтауға, сыртқы жарықтандыруға, контейнерлік алаңдар мен аула аумақтарын паспорттауға қосымша қаражат көзделгені хабарланды.
Қала шетіндегі қараусыз қалған саябақты қалпына келтіру де қолға алыныпты. Пришахтинск саябағы ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, құлдырап кеткен еді. Бюджеттен абаттандыруға қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, спорт жəне ойын алаңдары орнатылмақ.
Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында Əлихан Бөкейхан ауданының тұрғындары үшін қандай жағдай жасалып жатқанын өз көзімен көрді.
23-ші шағын аудандағы саябақта ескі қоршау алынып, жарықтандыру қалпына келтіріледі. Қазір арнайы техника жаяу жүргіншілер жолына негіз дайындауда. Содан кейін тастөсем төселіп, сəкілер мен қоқыс жəшіктері орнатылады. Саябақтың ортасында бұрын жергілікті тұрғындар жиналғанды ұнататын үлкен алаң болған. Бұл жер де абаттандырылады. Сондай-ақ, футбол жəне баскетбол ойындарына арналған алаңдар, балалар ойын кешендері салынбақ.
Жасыл желек қамқорлық күтеді. Тек құрғақ шөпті орып, демалыс орнын арамшөптер мен қурап қалған өсімдіктерден тазалау қажет. Қарағанды қаласының əкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша, болашақта саябақта пикникке арналған аймақтар жабдықтау жоспарлануда.
– Бірде-бір ағашты кесіп тастауға жол бермейміз, жасыл желек жайқалып тұрғаны маңызды. Қурап қалған өсімдіктерден арылуға көмектесетін мамандарды шақырыңыздар. Жұртшылықпен бірге жұмыстың сапасын бақылаңыздар. Бұл саябақ Пришахтинск тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналуы үшін қолдан келгеннің бəрін жасаңыз дар. Болашақта аттракциондар да пайда болуы керек, бизнес өкілдерін тартыңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Мұнымен бірге, Пришахтинскіде шығармашылықты дамыту орталығы салынады. Облыс əкімі құрылыс алаңында болып, мердігер ұйымның басшысымен сөйлесті. Ол «əзір еш кедергі жоқ» деп сендіріп, құрылыс басталуға жақын екендігін хабарлады.
Аталған нысан ендігі жылы тапсырылуы тиіс. Екі қабатты ғимаратта жасөспірімдерді жан-жақты дамыту үшін музыка, сурет, сəулет, теледидар жəне фото студиялары, робототехника зертханасы, экологиялық орталық, ең қажет нəрсенің бəрі қарастырылған.
Аймақ басшысы Сұрыптау шағын ауданына да ат басын тіреп, мұндағы Теміржолшылар мəдениет үйінің жанындағы саябақты абаттандыру жоспарын пысықтады. Тұрғындар қала билігінен бұл аумақты жақсартуды сұраған. Осы жазда қырлы тас төселіп, жүгіру жəне веложолдар салынып, спорт алаңдары мен ойын кешендері орнатылады.
Қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу көрінгенімен, ықтияттылыққа мəн берілгендей. Бұл орайда жол сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылып жатқан ескертпелердің орынды екенін атап өткен абзал. Осы жылы ұзындығы 70 шақырымнан асатын 50-ден астам көше жолдарын орташа жөндеумен қамту көзделген. Қазір тиісті жұмыстар тоғыз учаскеде жүргізілуде. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары Республика даңғылы, «Федоровский» өткелі, Бұқар жырау даңғылы Ермеков көшесінен Н.Əбдіров даңғылына дейін бастау алмақ. Жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары Е.Бөкетов (Мұқанов көшесінен Үштөбеге апаратын автожолға дейін), «Үлкен Михайловка» станциясы ауданындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелі, Ғарышкерлер көшесінің 3 шақырым жол учаскесі қайта жаңартылуда. Сондай-ақ, Пичугин көшесіндегі жолды күрделі жөндеу жоспарлануда. Бұқар жырау даңғылының Дүйсембеков көшесінен Гончарная көшесіне дейінгі автожол учаскесі ашылады.
– Жол жөндеуге байланысты орын алып отырған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Мəселе тікелей бақылауымда, – дейді аймақ басшысы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz



