АймақҚарағанды

Саябақтағы сергектік салтанаты

Денсаулық – адам баласына берілген баға жетпес байлық. Спорт – сол асыл қазынаны еселеп, нығайта түсетін алтын арқау. Тән саулығы мен жан сергектігі үйлесім тапқан жерде ғана биік белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін рухы мықты, салауатты қоғам қалыптаспақ. Осы бір құндылықтарды ұлықтау мақсатында һәм Дүниежүзілік денсаулық күніне орай қалалық орталық саябақта ауқымды іс-шара өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Игі іс-шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастыр­ды. Орталық саябаққа ағылған халықтың қарасы қалың болды. Бұл да қала тұрғындарының өз денсаулығына бейжай қарамайтынын аңғартса керек.

– Денсаулық күні – біздің әрқайсымыз үшін өз денсаулығымызға, өмір салтымызға жауапкершілікпен қарауға үндейтін маңызды күн. Бүгінгі таңда аурумен күрескеннен көрі, оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Біздің мақсатымыз – әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін ояту. Мұндай ашық алаңдағы кездесулер халық пен медицина мамандарының арасын жақындата түседі. Сау ұлт – қуатты мемлекеттің іргетасы, сондықтан, біз бұқаралық спортты өмір сүру салтына айналдыруымыз керек, – деді денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің бас маманы Рамиз Аллабердиев.

Кәсіби спортшылардың да төбе көрсетіп, саламатты салтты дәріптеуі – спорттық іс-шараның көркін қыздырып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Байрақты бәсекелерде аймақ намысын қорғап жүрген спорт шеберлері мен жігерлі жастар өз шеберліктерін ортаға салды.

– Спорт – тек жарқыраған медаль немесе жаңарған рекорд емес, ең алдымен, бұл – адамның ішкі ерік-жігерін шыңдайтын тәртіп пен төзімділік мектебі. Бұл жол әрбір жеңістің артында тұрған қажырлы еңбек пен таусылмас қайратты талап етеді. Бүгін саябаққа жиналған жұртшылықтың спортқа деген құштарлығы мен бойларындағы ерекше қуаты бізге де зор серпін берді. Нағыз мықтылық – қиындықтарды жеңіп, өз денсаулығың үшін қадам жасаудан басталады. Біз, спортшылар, тек ареналарда ғана емес, күнделікті өмірде де жастарға дұрыс бағыт-бағдар беретін үлгі болуымыз қажет. Өйткені, сау ұлт қана бәсекеге қабілетті. Сондықтан, саламатты өмір салты жай ғана ұран емес, әрбір азаматтың басты сәніне, өмірлік ұстанымына айналуы тиіс, – деді жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне үміткер Камила Нұрғалиева.

Сондай-ақ, бұл күні ақ халатты абзал жандардың ізін басып келе жатқан студенттер де саптан қалмады. Қарағанды мен Балқаш қалаларының медициналық колледж студенттері ерікті (волонтер) ретінде тұрғындарға ақпараттық кеңес беріп, игі істің бел ортасында жүрді.

Бірлік пен белсенділіктің нышанына айналған бұл күн тұрғындар үшін серпіліс сыйлады. Алдағы уақытта да денсаулықты сақтау мен нығайту жолындағы мұндай жетелі жұмыстар жалғасын таппақ.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button