Руханият

Саябақтағы сазды кеш

Қарағандының орталық саябағында «Қарағанды келбеті» деген суретшілер көрмесі мен «Jastar fest» жас әнші-ақындардың кездесуі өтті. Шараны Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы қалалық әкімдіктің қолдауымен өткізді.

Көрмеге Бұқар жырау, Қарқабат ана ескерткіштерінің авторы, Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин бастаған қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Қала келбетінен бөлек, тарихи тұлғалардың да портреттері бар. Бірінің стилі біріне ұқсамайды. Майлы кенептен бастап, қарапайым қарандашпен салынған суреттер бар. Жаңабек Жұмабеков, Марьяна Макеева, Жәмила Оспанова, Шамшырақ Серік деген дарынды суретшілер тамашалауға келген көрермендердің портретін салды. Ерсін Темірғалиев саябаққа көшпелі шеберханасымен келіп, қыштан құмыра жасады. Ұлы бабаларға ескерткіш жасаған дарын иесі Бейбіт Мұстафиннің сөзінше, мұндай көрмелер жиі өтуі керек. Өйткені, музейге елдің бәрі бара бермейді.

– Бұндай шаралар халық мәдениетін өсіруге аса қажет. Адам суреттен эстетикалық ләззат алады. Ал, өнерді түсініп, бағалайтындардың жүрегі – әрқашан ояу, – дейді Бейбіт Мұстафин.

Көрмеден бөлек «Jastar fest» аясында сахнада жас ақындар өлең оқып, әншілер ән шырқады.

– Бұл шараны тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Осыған қарап, қарағандылықтардың өнерге деген сүйіспеншілігін аңдауға болады. Көрерменнің талғамы биік. Суретшілер қылқаламмен, ақындар сөзбен, әншілер әуенмен сурет салады. Сол өнер өкілдерінің басын қосу – жақсы идея, – дейді жас ақын Мағжан Асқар.

Әншілер көңілді ән шырқап, көрерменді сергітті. Заманауи туындылардан бастап, талғамы биік тыңдарманның көңілінен орын алған классикалық әуендер де орындалды.

Айта кетейік, мұндай форматтағы шара Қарағандыда бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Осыған дейін де ақындар мен әншілер орталық саябақтың сахнасында әдеби-сазды кештер өткізген. Мұның бәрі – Қазақстан Жазушылар одағы мен қала әкімдігінің бірлесе жүзеге асырған жобалары.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button