Руханият

Қарағанды орталық саябағында «Қарағанды – қара өлең» атты поэтикалық кеш өтті

Шіліңгір шілденің 15 жұлдызында Қарағанды орталық саябағында Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалы және Қарағанды қалалық әкімдігінің ұйытқы болуымен Орталық саябақта «Қарағанды – қара өлең» атты поэтикалық кеш өтті.

 

Еске сала кетелік 2022 жылдан бері, Жазушылар одағының Қарағанды филиалының басшысы, ақын Жанат Жаңқашұлы мен бірқатар жарқын жобалар авторы Асхат Қажытай қаладағы ақындарды мезгіл сайын ел алдына шығарып, Арқадағы қара өлеңнің көш-керуенін жақсы үрдіспен жаңаша сипатта жарқырата түсуде.

Дәстүрге айналған «Қарағанды – қара өлең» поэтикалық кешін айтулы жүргізушілер Мәди Бижан мен Назерке Алтынбек тізгіндеді.

«Өлең деген туған анаңдай қадірлі болуы керек» деп қазақтың ғажайып ақыны Есенғали Раушанов айтқандай, Орталық саябаққа «өлең тыңдап өрелі ойға шомамыз» деген іңкәр қауымға елге есімдері кеңінен белгілі тегеурінді ақындар Жанат Жаңқашұлы, Нұрлан Әбілдин, Қайрат Асқар, Сұлтан Дәулетхан, Мағжан Асқар, Салтанат Смағұлтегі, Кәмшат Хасенқызы, Эльмира Сайлауқызы, Салтанат Қайырбектер және осы жолдардың авторы жырдан шашу шашты.

 

Ашық аспан астындағы аламан жыр кешінде Арқаның аяулы әнші қызы Арайлым Жүкенова «Қараторғай» әнін құйқылжыта орындады. Қос ішектен күмбірлеп күй төгілгенде, дәстүрлі әніміз дәріптелгенде делебесі қозбайтын жан жоқ шығар. Әнші Қуандық Төкен қу таяқтан ән мен күй төгілдірді. Балауса Әбдуалиева «Адал сүй» әнімен сахнаның сәнін келтірді. Еламан Маженов, Бекжан мен Ерасыл дуэті аспан астын әуезді әнге бөледі.

– Орталық саябақ демалушылары сахна маңына үйіріліп, ауада қалықтап тұрған ән мен жырдың бояуына шомылды. Құдай күнді де берген екен. Аурасы керемет болды. Өлең оқылғанда мұңайып, ұйып тыңдаған жұрт ән шырқалса шаттанып, билеп кеткенін көріп, «Қарағанды кеші көңілді» екен дедік ішімізден. Осы кеш үшін сонау Алматыдан аспанды ала шаң қылып жеткен Бахыт Актаулова әпкемізге мың алғыс! Бұл кеш – былтырғы кештердің дәстүрлі жалғасы. Идея авторы – Қарағанды қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ләззат Төкен. Енді 22 шілде күні екінші бөлімі болмақ. Бүгінгі ғажапқа үлгермегендерге тағы бір мүмкіндік, – дейді Жанат Жаңқашұлы. 

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button