Саябақтағы сабақтастық салтанаты
Қадамың құтты болсын, жас өрен! Қарағандының орталық саябағында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті студенттерді қабылдау кешін өткізді. Саябақ сахнасында білім ордасының жоғарғы курс студенттері өнер көрсетті. Жастар сауық-сайран құрды.
Бірінші курс студенті қабылдау кешін асыға күтетіні анық. Ол да бір студенттік өмірдің қызығы. Биылғысы орталық саябақта дүркіреп өтті. Білім ордасының ректоры Нұрлан Орынбасарұлы сөз алып, қатарға қосылған жас өрендерді құттықтады.
– Бүгін біз студенттер қатарына қабылдау рәсімін ерекше жағдайда атап өтудеміз. Өйткені, кеншілер қаласы атанған Қарағанды мен біздің университеттің тарихы бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлтының асыл перзенті Евней Арыстанұлы іргетасын қалап кеткен білім шаңырағынан талай түлек түлеп ұшып, Қарағандының ғана емес, жалпы еліміздің дамуы жолында қызмет етіп жүр. Сіздер де үлкен белестерді бағындырасыздар деп сенемін. Қабілетті, білікті маман атанасыздар. Бірінші курс студенттеріне ақжол тілейміз! Республикамыздың түпкір-түпкірінен жиналған, қара шаңырағымызға білім алуға келген студенттердің биік белестерден көріне беруіне біз әрқашан тілектеспіз. Қамсыз болашаққа қамдану бүгіннен басталсын! – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Салтанатты кеште университет өмірі үшін маңызды шара атқарылды. Қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов, шаһар әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Ержан Хамитов Студенттік Парламент депутаттарына мандаттарын табыстады. Бұл депутаттар 4 қазан ХV шықырылымда сайланған.
– Құрметті студенттер, Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл университеттен талай өрен қанат қағып, шыңға қанат қаққан. Болашақ – сіздердікі. Студенттік сапарларыңыз оң болсын! – деді Алтынтөре Бөкенов.
Студенттік Парламент депутаттары студенттердің тыныс-тіршілігінің маңызды мәселелерін шешуде, университет басшылығымен өзара іс-қимыл аясында студенттердің мүдделерін қорғау мақсатында құрылған. Биыл Парламенттің құрылғанына 20 жыл толыпты.
Биыл университетке 3 мыңға жуық талапкер келіпті. Мектеп өмірінен енді келген ұл-қыздардың көңілін алдыңғы толқын өкілдері әнмен, бимен көтерді. Елге танылған эстрада жұлдыздары арнайы шақырылыпты.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz