Саябақта вакциналау жүріп жатыр

Бүгін, 2 мамыр күні Қарағандыдағы орталық саябақта, Жеңіс саябағы мен Майқұдықтағы саябақта вакциналау басталды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 116 975 адам вакцинаның 1 компонентін, 15 482 адам – 2 компонентін алған.

Түске дейін орталық саябақтағы жылжымалы медициналық кешенде 20 адам екпе алыпты.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қалалық орталығы мен Жаңаарқа аудандық орталық ауруханасының мамандары екпе аламын деушілерге тиісті талаптарды сақтай отырып, екпе салып жатыр. Есік алдында әжептеуір кезек бар.

– Біз, екі маман, іс-сапармен арнайы келдік. Келесі жолы басқа аудандардың мамандары болады, – дейді Меруерт Алшынбаева.

Вакцина алып шыққан Лия Владимировна, «емханаға енді барамын деп жүргенде, алдымнан шыққаны жақсы болды» дейді.

– Вакцина алған дұрыс. Менің Украинадағы досым былтыр қыста қатты ауырды. Енді, қазір асқазан ішек жолдарын емдетіп жүр. Әлі үш ай бар дейді. Вакцина алғанның бір жақсысы, олар шекарадан өтерде ПТР тапсырмайтын болыпты, – деді ол.

Егіп жатқаны – «Спутник V». Адамның келуіне қарай вакцина дозасын жеткізіп береді екен. Дәрігерлер жеткізу жағынан кідіріс жоқ екенін айтады. Вакцина қоры жеткілікті.

Екпе алып шыққандарға 21 күннен кейін хабарлама келетінін, өз емханасынан вакцинаның екінші компонентін алуға болатыны түсіндірілді. Өзін нашар сезінгенде тіркелген учаскесіндегі дәрігерге хабарласу қажет.

Вакциналау саябақта ертең де, одан кейінгі 7, 8, 9, 10 мамырдағы демалыс күндерінде де сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізілетін болады. Жансая ОМАРБЕК.