Жағымды жаңалық

Саяқ балаларына сый

Балқаш қаласына қарасты Саяқ кентінде ел көптен күткен спорт залы ашылды. Айтулы нысан ел Тәуелсіздігінің мерейтойы аясында жұрт игілігіне берілді.

Мектеп ғимаратының жанынан ашылған жаттығу залында грек-рим күресінен және гимнастика секілді спорт түрлерінен бір мезетте 30 адам жаттығуына болады. Аумағы – 279 шаршы метр. Кент әкімі Асқар Төлегенұлының айтуынша, бұған дейін Кеншілер үйіндегі жаттығу залы тарлық еткен.

– Ел намысын қорғайтын балуандар дайындау мақсатында спорт залға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұған дейін бала санының аздығына байланысты жабылған №6 мектеп бос тұрды. Мұны Балқаш қаласы әкіміне айтып, ұсыныс жасадым. Биыл 11,1 млн. теңгеге «Ас-Сапа-Құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мердігер Саят Әділжанұлы жұмысты жүйелі атқарды. Жаңа спорт залына келген балалардың қуанышында шек жоқ, – дейді әкім.

– Шәкірттерімнің арасында республикалық, облыстық, қалалық жарыстардың жеңімпаздары бар. Әзірге, 35 оқушыны жаттықтырып жүрмін. Келешекте олардың арасынан еліміздің Көк Туын желбірететін чемпиондар шығатынына сенімдімін. Себепші болып, осы залдың арқасында олардың келешегіне шамалы үлесімді қоссам, өзімді бақытты санар едім, – дейді грек-рим күресінен жаттықтырушы Айдос Берікжанұлы.

Айта кетейік, залдағы күрес кілемі 2019 жылы бюджеттен үнемделген 1,1 млн. теңгеге сатып алынған.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button