Бас тақырыпТаным

Саушылық мейрамы

Адамзат баласы өз жаратылысынан бергі уақытта талай жағдайды бастан өткерді.  Жақсысын да, жаманын да. Қуаныштысын да, реніштісін де. Соның мезеттік, бір реттік сипатын да, тұрақтылық сипатын да байқаған.  Оларын күнделікті өмірінде қолданған. Жылдар бойы жинақтаған мұндай канондарын ұрпақтарына мұра еткен.

Табиғат тылсымы – сан алуан. Бір маусымының жыл сайын қайталанып келуі мүмкін, болмаса, уақыт салып қайтып келуі мүмкін. Бұл жайттың тұрмыстық қана емес, ұрпақ жалғастық та маңызы бар. Сондықтан да мұндай күндерді ұрпақ жадында ұмытылмастай етіп қалдырып отырған. Ауыл болып, ел болып атап отырған. Кейін келе халықтық сипат алып, мереке, мейрам деп әспеттеліп, сакральдық сипат алып аталып отырған. Сондай әспетті күндер аз болмаған. Соның ең бастылары жыл басы, тоқсан басы, ай басы, апта басы болған.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ырым нанымдары бойынша оны өздерінше атап отырған.

Сондай ұлт-ұлыстардың бірі – біздің бабаларымыз, қазақтар. Негізі, біздерде ат байлап, Алашқа шығарған атаулы мереке-мейрамдарымыз болмаған. Соған қарамастан, әр күнін мереке қылып өткізген.

Сүндет, мүшелік, отаужасылық сынды сакральдық, циклдік, тұйықтық сипаты бар тізбелік (календарлық) тойлар міндетті түрде аталды.

Жыл он екі айдың бір күнін міндетті түрде жалпыхалықтық мейрам ретінде атап өткен. Ол – Наурыз мейрамы.

Наурыз дегенде ел есіне бірден екі ел түседі. Парсылар мен ауғандар.

Наурыз – парсы сөзі. Жаңа (күн) деген сөз. Олардың мерекесі отпен байланысты. Бәрін отпен аластайды. Пәле-жала дегендейін. Яғни, саушылықтарын нығайтады. Демек, саушылық мерекесі болғаны.

Ауғандар тарс бекініп отбасыларында атап өтеді. Оларда ортаға жұмыртқа тастайды. Табиғат заңы бойынша алтыншы күнінде жұмыртқада туыт пайда болады. Әлгінде ғана жаны жоқ нәрседе жан пайда болады. Бұл да саушылық мерекесі.

Парсылар да, ауғандар да мұсылман елдері. Осыған қарап, көпшілік бұл мерекені діни мейрам, оның ішінде мұсылмандар мейрамы деп ойлайды. Олай болған жағдайда арабтар да жаппай тойлауы керек еді ғой.

 Сонымен бірге жұрт бұл тойды түрік жұртының мейрамы деп те ойлайды. Өйткені, түрік нәсілі бұл мерекені апталап, айлап тойлайды. Оның ішінде Таяу Шығыс (түріктер, күрдтер…), Қап тауы (дағыстан жұрты, қарашай…), Кіндік Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан…), Сібір Ресейі (Татарстан, Башқортстан…) бұл тойды төл мерекеміз деп атап өтеді. Бұл ұлыстар атаулы мерекелерін әртүрлі атап өткендерімен, мейрамның түп мазмұны өзгермейді. Ол – көктемнің келуі, тіршіліктің оянуы. Анық нәрсе – астрономиялық ампуласы анық, толық.

 Қыс (өледі), көктем (тіріледі). Өмір жалғасады. Демек, бұл – тіршілік тойы, тіршілік жалғастығы тойы. Ал, тіршілік дегеніміз саушылық деген сөз.

Бұл ең алдымен жан саулығы (рух). Бұл – от (отпен аластау).

 Бұл – тән саулығы. Бұл – су. Су болғанда – көже (наурызкөже), сүмелек.

 Парсылар, ауғандар, түріктер, күрдтер отқа ерекше мән береді. Олар Наурызды жан тазалығы деп қабылдайды. Соған орай, рухани тазаруды алдыңғы орынға қояды. Отпен аластау оларда жаппай сипат алған.

 Жер жағдайына, ауа райына байланысты бұл мейрам Кіндік Азия елдерінде қосарлық сипат алады. Олар жан саулығымен бірге тән саулығына да ерекше мән береді. Отпен аластап қоймай, тәндерінің де саулығын нығайтуға әрекеттенеді.

 Кіндік Азия елдерінде, оның ішінде Қазақияда ауа райы қарсылықты келеді. Қысы аязды болып келсе, жазы ыссы болады. Кей жылдары ыстық пен суықтың қосарлы айырмасы сексен градусқа дейін жетеді. Әрине, мұның өзі адам денінің саулығына ерекше әсер ететін фактор. Осыдан барып адам ағзасында қарсылықтық қабілетін әлсірететін ахуал (иммунитет) пайда болады. Мұндай кепке ұшыраған адам баласы аурушаң болады.

 Олай болса, оны сауықтыру амалын қарастыру керек болады. Алты ай қысы бар дала жағдайында оған қарсы тұрар күш қайсы?!

Бабаларымыз сол дауаны дәріден іздемеген.

 Тағамнан іздеген. Тағамнан болғанда судан іздеген! Тірі судан!..

 Бұлақ суынан!..

Суымыз – осы, көжеміз – осы. Оларын әспеттеп наурызкөже деген! Қазақ, қырғыз жұрты осы наурызкөжелерін төрге шығарған.

 Өйткені, наурызкөжені дәрі деп қабылдаған. Дәрі деп тұтынған. Бір ай бойы (наурыз айы бойы) үзбей тұтынған. Бұл қазіргі календарлық күнмен есептегенде наурыз айының он төртінен басталып, көкек айының он үшіне дейін жалғасқан. Есте болса, Тәуелсіздік алған жылдарымызда Наурыз мейрамын көкек айының ортасында да тойлап жататынбыз-ды.

 Ендеше, мұны сөкеттеуіміздің еш жөні жоқ екен.

 Ендеше, Наурыз мейрамы – саушылық мейрамы!

Оны халқымыз наурыз айы бойы тойлаған (емделген).

Наурызкөжені қазандап пісіретін себебіміз осы. Онымыз бір күндік ас (дәрі) емес, бір айлық дәм!

Сол дәріміздің атауы – қойкөже!

Өйткені, наурызкөжеміз осы қойдың етінен тұрады. Оның құрамы жеті дәмнен тұрады десек, соның негізі қойдың ұшасынан.

Наурызкөжеміздің құрамы мынадай:

  1. Су (тірі су).
  2. Тұз.
  3. Ет (қойдың еті).
  4. Май (қойдың құйрық майы).
  5. Бидай/тары/арпа/жарма.
  6. Құрт (қойдың құрты).
  7. Қатық (қойдың қатығы).

 Наурызкөже ішкен адам біледі. Көженің бір шарасын қотарып жіберсеңіз, күн ұзаққа тоқ жүресіз.

Қырғыз ағайын біздің көжемізбен бірге өзбек ағайынымыздың сүмелегін де пайдаланады. Ол да саушылық тағамы.

Ендігі айтайын дегенім Көрісу күні жөнінде. Көрісу күні дегенді тауып алдық. Ол дәстүріміз еліміздің батыс аймағында қалды деп күмпілдейміз.

Шынымен солай ма?

Мен олай деп айта алмас едім. Өйткені, наурыздың он төртін біздің жұрт та тойлайтын. Наурыз деп. Наурыз тойы деп. Наурыз мейрамы деген кейінде кірген сөз.

Бұл өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы, алпысыншы жылдардың басы болатын. Біздің жұрт болғанда – Арқа жұрты. Сол Арқаның Шет аймағы. Ақшатау өңірі. Наурыздың қалай он төрті туады, солай ел жағалап кетер едік ата-әжеміздің жетегінде.

 «Откөже ішеміз», – дейтін сонда үлкендер. «Бата жасаймыз», – дейді сонда үлкендер.

Откөже сөзінде де сакральдық жатыр деп ойлаймын. Оны филолог ғалымдарымыз зерттей жатар. Тақырыбымызға оралайық.

Наурызек деген торғай болады. Қалай наурыз туады, солай пайда бола кетеді. Сол торғайымыз қалай су ішеді, солай жаңа күн туды деп есептеледі.

 Сол-ақ екен, үй жағалап кетеміз. Малжанның амандығын түгелдеп. Тірілері көрісіп жатады. Аманат деп. Өлілеріне бата жасайды. Салауат деп.

Сол дәстүріміз тәуелсіздік жылдарымен бірге біржола ұмытылуға айналды. Басты себебі, Наурыз тойы наурыз айының жиырма екісінде тойланатын болды. Олай болса, екінші той артық болып шығады. Бір жарда екі шашылудың жөні жоқ. Есесіне еліміздің батыс өңірінде сақталып қалды. Оны қазірде Көрісу күні деп шегелеп қойдық. Шын мәнінде, онымыз Наурыз мейрамы болатын.

Жадымыз неткен қысқа еді?!

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

 

Басқа материалдар

Back to top button