Сауда үйлерін саз тербеп…
Наурыз мерекесін тойлау аясында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблі «Сити молл» сауда ойын-сауық орталығында өнер көрсетті. Ұлттық нақыштағы және эстрада бағытындағы әндер шырқалды.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» ордені иегері Сержан Мұсайынның айтуынша, өнерпаздар сауда орындарында алғаш рет өнер көрсетті.
– Биыл Наурызды тойлау тұжырымдамасына байланысты концерттік бірлестіктің бірқатар ұжымдары көрермендерге жақын болайық деген ниетпен сауда орындарына шықты. «Арай» ансамблі ғана емес, «Мерей», «Әуен» ансамбльдері, «Арқа сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі де бар. Әдетте концерттік орындарда өнер көрсететін едік, сауда орындарында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, – деді Сержан Мұсайын.
Халық әндерімен қатар, орыс, ағылшын тілдеріндегі туындылар шырқалды. Сауда үйіне келген қонақтар ансамбльдің өнерін тамашалауға тамаша мүмкіндік алды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz