Сауда үйлері сенбіде ашық

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, вакциналау пунктері орналасқан сауда үйлері демалыс күндері жұмыс істейді. Ашық аспан астындағы базарлар да жұмыс істеуіне рұқсат. Құжат 22 мамырда күшіне енеді.

Дегенмен, бұған дейін салынған басқа тыйымдар алынған жоқ. Мәселен, әлі де мерекелік, спорттық-бұқаралық, мәдени іс-шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелер, сондай-ақ, отбасылық отырыстар өткізуге болмайды. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда, қызметі жаңартылмаған объектілерге баруға, сондай-ақ, олардың жұмыс режиміне сәйкес жабылғаннан кейін онда болуға тыйым салынады. Тұрғындар қоғамдық орындарға және қызметіне рұқсат етілген объектілерге барған кезде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтауы қажет.

Ауданы 2000 шаршы метрден артық азық-түлік емес тауарларды сататын дүкендер, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар, «Ashyq» жобасы іске асырылмайтын сауна, бассейн, СПА-орталықтар, массаж салондары, фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру орталықтары, тренажер залдары, спорт кешендері сенбі-жексенбі күндері жабық. Бұл күндері Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Шахан мен Топар бағытындағы және кері бағыттағы автобустар да жүрмейді. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезекші топтар жұмысын жалғастыра береді. Ал, балаларды сауықтыру лагерлерінің, мектептер жанындағы орталықтардың жұмысына тыйым салынған.

Бұдан басқа, санитариялық шараларды сақтай отырып, бау-бақша (саяжай) учаскелеріне шығуға рұқсат етілген. Ондағы адам саны 5-тен аспауы тиіс. Бір отбасының кәмелетке толмаған балаларына баруға болады. Сонымен қатар, демалыс үйлері, демалыс базалары мен аймақтары, санаторийлер мен профилакторийлер санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып жұмыс істей алады. Бірақ, ондағы жағажайлар жабық болады.

Сауда үйлеріндегі вакцина орындарының апта бойы толық жұмыс жасауы үшін олар орналасқан сауда үйлерін демалыс күні де ашуға рұқсат еттік. Яғни, ондағы бутиктер толығымен жұмыс істейтін болады, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.

Жансая ОМАРБЕК.