Нұра

Сауаттылық пен жауаптылық – басты талап

Елбасының 100 нақты қадамындағы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру тапсырмасын жүзеге асыру әр мемлекеттік қызметшіден бастау алуы тиіс. Ал мемлекеттік аппараттағы жоғары кәсіби мамандар еліміздің өркендеуіне апаратыны сөзсіз.

Осы мақсатты алға қойған Нұра ауданы әкімі аппаратының басшысы Дәулет Серіков мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту жұмысын жолға қоюда. Ол өзі де Ауыл шаруашылығы министрлігінде он жылдан астам қызмет жасап, «Орталықтан аумаққа» бағдарламасымен ауылға келген азамат.

  • Дәулет Нұрғалиұлы, Ел ордасындағы қызметіңізді ауылдағы еңбекке ауыстырдыңыз. Астана мен ауылдағы жұмыстың айырмашылығы бар шығар?

  • Әрине, министрліктегі қызметпен салыстыруға келмейді. Астанада мемлекеттік ауқымды бағдарламалар мен жалпы ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму жоспарларын құру сияқты жұмыстар атқарылады. Бәрі қағаз жүзінде құрылып, іске асу жолдары қағаз жүзінде, берілген мәліметтерге сай бағаланады. Ал, ауылда бәрі – керсінше. Сол жақта қабылданған заңдар мен бағдарламалардың сатылап жүзеге асуы осы жерде анық байқалады. Мен ауылға келгенде, нағыз қайнаған жұмыстың ортасына түстім. Бұл жерде қағаз жүзінде ғана емес, атқарылған жұмысты қолмен ұстап, көзіммен көруге мүмкіндік туды.

  • Аудандағы мемлекеттік мекемелерге қызметкерлерді қабылдау мәселесіне жауапкершілік өзіңізде. Қоятын негізгі талаптарыңыз қандай?

  • Мемлекеттік қызметке келген азамат ел сенімінен шығу басты міндет екенін айқын сезініп келгені абзал. Ол – ел арасында мемлекеттік саясатты жүргізетін бірден-бір азамат. Ол өзін мемлекеттің айнасымын деп түсінуі керек. Мемлекеттік қызметкердің іс-әрекетіне қарап, тұрғындар мемлекеттік саясаттың қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын бағалайды. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап өте жоғары. Осыған сай мемлекеттік саясатты жергілікті жерлерде іске асыратын азаматтардың жауапкершілік жүгі ауқымды. Сауаттылық пен жауаптылық басты қаруы болуы керек. Сонымен қатар, мамандардың жан-жақты білімді әрі әдепті болуы негізгі шарт.

  • «Жас келсе – іске» дейді. Оқу орнын кеше ғана бітірген жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу қалай жүргізіледі?

    «Қазіргі уақыт 25-30 жастағы жастардың уақыты, олардан қорықпаңдар, оларға жол беріңдер, жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер, кедергі жасамаңдар»,– деп Елбасының өзі айтқан болатын. Біз Елбасының осы ұстанымын кадр саясатында басты мақсат етіп алдық. Сонымен қатар, жастар күнде өзгеріп дамып жатқан ақпараттық технология айдынында өздерін суда жүзген балықтай сезінеді. Өзгеріске түсуден жүрексінбейді, жаңашыл әрі ойлары тұнық, адал. Бұл қасиеттерді аймақтың, елдің дамуына тиімді пайдалануға болады.

    Мемлекеттік қызмет саласына бейімдеу түрлі жолдармен жүзеге асады. Соның бастысы – оқыту. Мысалы, күні кеше аудан әкімдігінде «Мемлекеттік қызметтің этикалық құндылықтары» тақырыбында мемлекеттік қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру мақсатында оқыту курсы өтті. Оқытудың алғашқы күні ел Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының мамандары мамандарды командалық жұмысқа даярлау мақсатында тренингтер өткізген болса, екінші күні Мемлекетік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметшілері семинар-кеңес ұйымдастырды.

    Мемлекеттік қызметкерлерді жергілікті жерде оқыту не береді?

    Жергілікті жерде оқытудың негізгі мақсаты – қызметшілерді ұзақ уақытқа іс-сапарға жібермей оқыту. Себебі, ауданның біршама бөлімдері жұмыс істейтін бір-екі маманнан ғана құрылған. Сәйкесінше, әр қызметшінің еңбегі бөлімдерде елеулі үлес атқарады. Бұл әдіс арқылы оқытылған қызметшінің күнделікті жұмысы ақсап қалмайды. Түске дейін оқуда болса, түстен кейін жұмысынан табылады. Екінші жағынан қарайтын болсақ, отбасылы қызметкерлер күнделікті үйіне қайтуға да мүмкіндіктері болады. Жалпы, жергілікті жерге келіп оқытуды биыл алғашқы рет тәжірибеге кіргіздік. Тиімді тұстары басым. Болашақта бұл үрдісті жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

  • Осындай шаралардың арқасында оқу курстарына барып, біліктілігін арттырып келіп жатқан мамандар қатары да артып келе жатқан болар…

  • Биыл Нұра ауданының жергілікті атқарушы органдарының қашықтықтан оқыту әдісімен, жергілікті жерге келіп оқыту тәсілімен және облыс орталығында өткен қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру курстарынан 97 қызметші өтті. Жылдың соңына дейін жүз мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарда тұр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтыр 27 қызметші оқыған болатын. Мұнда жергілікті жерде оқытудың тағы бір тиімділігі – қаржы үнемдеу жағынан да айта кеткен жөн. Жергілікті жерге келіп оқыту тәсілінің алғашқы легімен оқыған 30 қызметшіні облыс орталығына жіберіп оқытқан жағдайда аудандық бюджеттен 8 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалар еді, жоғарыда аталған тәсіл арқылы оқытуға 2 млн. теңге шамасында қаржы кетті. Бюджет қаражатын үнемдеу айқын.

  • Мемлекеттік қызметкер атануға жастардың талпынысы қалай?

  • Соңғы екі жылға жуық уақыт ішінде осы салаға 98 маман қабылданыпты. Соның ішінде, 63-і – жастар. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жылдың жеті айында ауданның атқарушы органдарына 22 азамат конкурстан өтіп, лауазымдарға тағайындалды. Әрине, осы арқылы аталмыш салаға қажетті маман тапшылығын шештік деуге ерте. Қазіргі таңда ауыл әкімі аппараттарына есепшілерді табу қиындық тудырып отыр. 2020 жылы әр ауыл жеке-дара бюджетке ауысу үшін алдымыздағы бір жарым жыл ішінде бас маман, бухгалтер сынды мамандармен қамтамасыз етуіміз керек.

    Негізінен, соңғы жылдары мемлекеттік қызметке келушілер саны азайғанын атап өткен ләзім. Бұл жағдайға еңбекақының төмендігі, баспанамен қамтамасыз ету жағынан жеңілдіктер қаралмағандығы әсер етуде. Біз мемлекеттік сала қызметкерлерін тарту үшін аудан орталығында салынып жатқан жаңа үйлердің бір үлесін осы сала мамандарына беруді жоспарлап қойдық. Осы жылдың өзінде 88 пәтер кілті жергілікті тұрғындарға табысталмақ. Олардың арасында мемлекеттік сала қызметкерлері де бар. Ал, келер жылдан бастап ауылдарда қызметтік баспаналар салуды қолға алмақпыз.

    Қандай да бағдарлама уақыт талабына сай өзгеріске түсетіні анық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасында көрсетілген ұстаздарға, дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы мамандарына деген жеңілдіктер қатарына мемлекеттік сала қызметкерлері де кірсе нұр ұстіне нұр болар еді. Бұл кезде жастардың қаладан ауылға келіп, ауылдық жерден баспана, алғашқы ақшалай берілетін көтерме жәрдемақысын алып, ауылдық жерге тұрақтануға мүмкіндіктері басым болар еді.

  • Сұхбатыңызға рақмет.

    Сұхбаттасқан Тазагүл Пішенбаева

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button