Сауапты қызмет – саналының ісі
Олар, тіпті, туған-туыстары «бұл болмасаң, күл бол» деп қолын бір сілтеген адамдарға көмектесіп, жағдайын жасап, өмірде өз орнын табуға көмектеседі; адамды қысқамерзімді курстарға жіберіп, оған жаңа кәсіп береді; мұқтаж адамдарға жұмыс тауып береді; қарттарға қарайласады; адам жаңа кәсіпті игеріп жүргенде немесе оған жұмыс іздеп жатқанда оның осы бір күрделі кезеңді еңсеруі үшін, аш қалдырмау үшін қол ұшын береді, тағы басқа да қызметтері жетіп артылады. Әңгіме әлеуметтік сала қызметкерлері төңірегінде.
Өткен айда Осакаров ауданында журналистік сапармен жанталасып жүріп аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істейтін Альбина Тоқтархан есімді әлеуметтік сала қызметкерімен сөйлесудің сәті түскен еді. Біз бұрындары сырттай естігенімізбен, толыққанды біле бермейтін қызметтің түрі екен бұл. Альбина жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жалғызбасты зейнеткерлерге әлеуметтік көмек бөлімшесінде еңбек етеді екен.
«Мамандығыма көңілім толады» деп бастады Альбина әңгімесін. «Мұндай қызмет қазақ арасында ертеден қалыптасқан сыйластықтың түрі ғой. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөзді өзіңіз де білетін шығарсыз? Біздің жұмысты осылай түсіндірсе болады. Қараусыз қалған қарттардың үйіне барамыз. Қолымыздан келгенше, қызмет көрсетеміз. Денсаулықтарын бақылауда ұстап, сыр берген жағдай болса, бірден жедел жәрдем шақырамыз. Отын-суын ыңғайлап, басқа да күнделікті ұсақ-түйек жұмыстарын атқарып бергеніміздің өзі – жалғызбасты қарияларға зор көмек. Ең басты мәселе, психологиялық тұрғыда қарттардың тілін тауып, сөйлесе білу. Қартайғанда адам 5-10 жас аралығындағы бала сияқты болып қалады деген сөз рас. Әңгімеге тартып, сөйлесе алса, кәдімгідей мәз болып, еңселері көтеріліп қалады. Соның өзі оларға үлкен демеу, көңілдеріне зор медеу» дейді ол.
Міндеттелген қызметі бойынша Альбина Осакаров ауданы орталығындағы 20-ға жуық қарияға әлеуметтік көмек көрсетеді екен. Анығын айтқанда, күн сайын барып бағып-қағады. «Солардың көбі қараусыз қалған қарттар» дейді. Және дені орыс ұлтынан көрінеді. «Мәселен, маған қарайтын қарттар арасында бірде-бір қазақ жоқ» дегеніне сүйініп те, күйініп те қарайсыз. «Ал, олардың балалары, туған-туыстары қайда?» деген сұраққа «кейбіреулерінікі Ресейге көшіп кеткен. Кейбіреулерінің балалары шалғай қалаларда тұрғандықтан, жыл он екі айда бір соғады. Болмаса, ол да жоқ. Сондықтан, күнделікті барып отырмаса, болмайды» дегенде, не жағаңызды ұстарыңызды, не жыларыңызды білмейсіз.
Осыны естігенде, әлеуметтік желіден оқыған мына бір сөз еске түсті: «Адамзаттың парадоксы мынада: адамнан қандай да бір таңғажайып дүниені немесе шынайы Ұлы бір нәрсені жасырғың келсе, ол нәрсені адамның мұрнының астына қойып қой, адам оны күнде көретіндей бір бөлікке айналдыр, сонда таңғажайып дүние мен ұлы нәрсені адамның байқамайтынына кепілдік береміз!» депті. Рас-ау, тегі.
Альбина әлеуметтік қызмет саласында жүргелі 6 жылдың жүзі болыпты. «Алты жылда арқалағаным – алғыс пен қариялардың баталы тілегі» дейді. Көкшетаудан оқу бітіріп келген бойда мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша осында орналастым. Қариялардың батасы мен алғысы тиген шығар, баспаналы, үйлі-күйлі болдым. Өзімнің де қарт енем бар. Оны да күтіп, бағу – менің мойнымда. Біздің жұмысқа екінің бірі емес, санасы жеткен естілер мен еңбекқорлар келеді» дейді Альбина Тоқтархан.
Осыған қарағанда, әлеуметтік сала қызметкерінің әр қадамы – сауаптың қадамы. Жалғыз Альбинаның қызметіне қарап-ақ, Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұжымының қызметін бағамдауға болады. Төменде біз оқырманға таныстыру мақсатында, тұрмыстық жағдайда көп көріне бермейтін, тіпті, қоғамда айтыла да бермейтін жұмыспен қамту орталықтары қызметінің бірсыпыра ерекшеліктеріне тоқталдық:
Жұмыссыз адамды «жұмыссыз» отырғанша кез келген жұмысқа шығуға, оның ішінде қоғамдық орындардағы жұмыстарға шығуға көндіреді. Жалақысы аз болса да, бұл адамды «жайлы қамқорлық» аймағынан шығуға итермелейді. Осының өзі кішкентай жетістік, оны әрі қарай өзін-өзі жұмыспен қамту жетістігіне дейін дамытуға болады немесе жалақысы анағұрлым жоғары жұмыс табуға көмектеседі;
Жұмыссыздарды өздерінің жағдайын жақсарту үшін мүлдем жаңа мүмкіндіктерге тәнті ететін тегін курстарды бітіру қажет екендігіне көндіреді. Өйткені, білімнің маңыздылығы көбіне адамның өмір сүру сапасын анықтайды.
Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері азғантай ғана жалақы ала отырып, адамға сәтсіздіктер циклінен шығуға үміт, мүмкіндік беріп, нақты жол сілтей отырып, оны кедейліктен арашалау үшін шырылдайды. Меніңше, бұл нағыз адам өмірін құтқару деген сөз!
Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері, сіздердің күнделікті еңбектеріңізді барша жұрт біле бермейді, бірақ білген адамдар «Сіздердің істеріңіз сауапты әрі құрметке лайық!» дейтіні сөзсіз.
Жәнібек ӘЛИМАН
ОСАКАРОВ ауданы.