Сауалына Жауабы
Газетіміздің 3 желтоқсан күнгі №192 санына шыққан «Көлеңкеде қалмасын, көкейде сарнасын» деп жариялаған сауалымызға жауап келді. Дұрыс жауапты бірінші болып жолдаған Жаңаарқа ауданыдағы Б.Амалбеков атындағы орта мектептің кітапханашысы Рахат ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ болды.
Қалбағай – асауды ұстау үшін қолданылатын құрал; комбайнның егіс сабақтарын шалғасына қарай жығып беріп тұратын айналмалы тетігі; желкесінде сарғыш тұлымы бар, жалпақ қара тұмсықты аққұтанға ұқсас құс; жамбастың үстінгі жағындағы сыртқа шығыңқырап тұрған омыртқа.
Қатипа – сай-сай жолағы бар қалың мата.
Жырым – айылдың, тартпаның ұшына жалғанатын не ердің қапталындағы жіңішке білеу қайыс.
Кепшік – қарын немесе жұқа тері қаптап, шеңбер түрінде жасаған, ұрып ойнайтын дабылды саз аспабы; астықты елеп тазалайтын ыдыс.
Метей – ағаштан жасалған күбі.
Оңғақ – Судан шығарғанда түсі оңып кететін, денесі ұсақ қабыршақтардан тұратын тұщы су балығы.
Мәсуек – тісті, тістің етін ысқылап тазартатын құрал.
Дыба – ерте заманда адамды керіп қойып жазалайтын құрал.
Жағалтай – лашын тектес кішкене жағал құс.
Үлек – нар түйенің таза тұқымды бурасы.
♦ ♦ ♦
Келесі сауалды әріптесіміз, тарихшы Ерғазы Төлеу жолдайды:
Жеті жоқтың жауабы қандай?
Жерде … жоқ,
Аспанда … жоқ,
Таста … жоқ,
Тасбақада .. жоқ,
Аллада … жоқ,
Аққуда … жоқ,
Жылқыда … жоқ.
Сондай-ақ, Бәйдібек би осы тақылеттес төрт жоқты іздейді?
Ол қалай еді?
Сиырда … жоқ,
Жылқыда … жоқ,
Таста … жоқ,
Суда … жоқ.
Әзірлеген: Мирас АСАН