Сатираның сұрмергені
Беттің қонағы: Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ
Жезқазғандық қаламгер Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫНЫҢ шығармашылық шеберханасы – көзі қарақты оқырманның ұдайы назарында. Поэзия патшалығында өзіндік қолтаңбасымен ой толғап жүрген әріптесіміздің ерекше қыры – сатирадағы сұрмергендігі. Қаламы – жебе, назары – найзағай. Көздегені Оспанхандай ондықты опырмаса да, тоғыздықты тоздырып-ақ жүр. Тілінің тотяйыны бар. Уытты тілі «шатағы» көп жердің шаңырағын шайқамаса да, уықты сықырлатып жіберердей қауқарлы.
Күлкі күніне таралғы еткен Базкеңнің базарлығы – назарларыңызға ұсынылып отырған алты әңгіме. Оқыған соң, ішегіміз түйілгенше күлерміз. Бірақ, бұл күлкінің астарында ащы ақиқат жатыр. Өйткені, Базкеңнің кейіпкерлерін күнде көріп жүрміз. Қиналмай тауып аламыз. Олардың іс-әрекетін айнытпай бейнелеген. Шыныдай мөлдіреп шыққан шынайы дүниелердің әрқайсысында сынған шынының қырындай өткірлік бар. Сықақшының шеберлігі – сонда. Айтпақшы, Базарбай Әлеуханұлы – Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлесіп ұйымдастырған ашық бәйгесінің 2002 жылғы жеңімпазы. Сол жолы Оспанхан Әубәкіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.
…Айналамызда кімдер жүргеніне Базкеңмен бірге барлау жасайық. Күле отырып, қоғамның дертін де біле отырайық, қадірлі оқырман!
Алдар атамыздың туған күні – Күлкі күні құтты болсын.
«Орталық Қазақстан»
газетінің редакциясы.
Бас деген-темір
Оқудағы ұлдан хат кепті. «Бапа, – депті. – Етті сағындым. Құрт қосқан сорпаны сағындым. Қойдың құйрығын сағындым…»
– Жалмауыз, – деппін сасқанымнан. – Адам деген әке-шешесін, туған-туысқанын сағынушы еді. Емтиханға ақша беріп жіберіңдер, ет сататын кім ше, содан – депті тағы. – Зашот – 500, егзам (үш) – 1000, төрт – 1500, бес – 2000 теңге. Әтлишник болайыншы, бапа, – депті.
– О, Әкеннің, … сенің тапқан балаң, деп қатынға шаптым. Ол:
– Алқаштан тапқан бала оңа ма? – деп өзіме қарсы шапты.
Көзімді жұмып тұра қалдым. Дұрыс сияқты.
Бірер күннен кейін әскердегі ұлдан хат келді.
«Бапа, – депті. – Дет болдым. Оңтүстіктің балдарын ұрып жатырмыз. Былтыр олар бізді сойған. Батыспен де соғысып қаламыз. Кәмәндіріміз – біз жақ. Зәмпәлит – со жақ. Старшина – ортақ.
Бапа, бас деген темір боп кетті. Бір сүзгенімде сексенін сұлатам. Көз деген фар. Жағып кеп жібергенде застава жата қалады.
Бапа, екі аяқ, екі қол – емен. Басқа түгілі күнде өтіп жатқан қытайлар да қатты сескенеді. Темекі, арақ-шарап солардың мойнында…»
– Пах, батыр тапқан қатын, қайдасың? – деп ұрандадым.
– О кезде сен қойып жүр едің ғой, – деп қылымсиды бәтшағар.
Батырдың ата-анасы болу оңай ма? Оңаша бір жудық.
Оянып кетсем, есікті соққылап әкетіп барады. Ашып қалсам, бет-аузы күмпиген құбыжық тұр.
– Бісіміллә, – деппін.
– Солтүстіктің қулары бізден мықты екен, бапа, – дейді.
Қатынға жүгірдім.
– Қайыршыңды қабылда!
– Сол жылы қайта-қайта рәкета атылып еді ғой, – дейді әйелім, әрине. Отыра қалып, ойландым. Бәрі дұрыс. Бұл жолы рәкета кінәлі екен.
Өстіп, әңгі-тәңкі боп отырғанымда құдамның келе қалғаны.
– Әссәләу… – деп әндетті. Шошып кеттім, Бәлесі рәкетаға!…
– Қызың өткір екен. Тілім тасқа. Енесін үй айналдырып қуып, сабап жүр. Көрмегенсіп кетіп қалдым…
Алды-артыма қарамай автостансаға тарттым. Әтлишниктің келетін күні еді.
Енді көр қазып жүр…
– Ақсақал, отбасыңызда неше адам бар, – дедік насыбайүккішке түсіп кете жаздап отырған Қарғабай шалға.
– Неше адам дейсіңдір ме? – деді ол жағалай түшкіріп. – Екі адам, ал ендеше.
– Прәпескеде бесеусіздер ғой! – қаладан келген уәкіл жерден жеті қоян тапқандай өзеуреді.
– Бесеу дейсіңдер ме, қайдағы? Тұңғышбайдың ит болғанына таяуда қырық жыл толады. Бір деп қойыңдар… Сөйтті де, есікке қарады.
Біз де жалт қарадық. Табалдырықта дүрдійіп қара төбет жатыр.
– Қаппай ма, өзі?!
– Қапқанда қандай. Кемпірдің жарты бетін жұлып алған жоқ па?!
– Жеп қойды ма, сонда?! – баж ете қалдық.
– Кемпірің тірі ме, ойбай? – деп уәкіл шырқырап жатыр. Әр дауыс алтынға бергісіз боп тұрғанда, қайтсін-ай.
– Жә, бақырмаңдар, тірі – деді шал. Бұл итті адам қып тапқанбыз, кемпір екеуіміз. Қалжасына сойған қошқарым қандай еді. Төрт жігіт жабылып зорға жыққанбыз, шешеңнің… Енін Якуб көршіміз бір апта ауқат қылып еді.
– Төртеу екенсіздер, тәк, – деп уәкіл даусын көтеріп еді, қара төбет ырылдап жібергені. Әп-сәтте бейшараның тұрған жері шылқылдап кетті.
– Тұңғышбайдың түрі жаман екен, – деді уәкіл төбетке қарап.
Шал қақалып-шашалып түшкіріп қояды.
– Екінші қу – Пермебайды сәбет үкіметі құлағаннан бері көргем жоқ. Кемпір айтады «бүкіл ауданның туәлетін қазып бітірді. Енді көр қазып жүр», – деп. Табысы өзіне жететін сияқты. Әйтеуір рәкета құлаған сайын той жасайтын көрінеді. Заказ көбейетін болды, – деп.
– Үшеу екенсіздер ғой, – дегенді уәкіл тұтығып зорға айтты.
– Түймебайдың прәпескесі түрмеде, қалай үшеу боламыз? – деді шал шегі үзілердей түшкіріп. – Смотрящий деген қызмет істейді екен. Бастықтары жақсы көреді екен өзін, – дейді кемпір. Бізден сұрайтыны шай, көнің кепкір. Нағашылары шайқор еді. Бұл ит олардан да асып түсті.
Қарғабай шал насыбайүккішке түсіп барады.
– Солай шырақтарым, жарты бет кемпір екеуімізді тіркеп тарта беріңдер.
Уәкілден ыңғайсызданып барам. – Әлгілерді қосып жаза салсақ, – деймін.
– Өздерің біліңдер, – деді шал астыңғы ерні дүрдиіп, елтіп қапты. – Біс цайлаған тепутат не волар тейсің…
… Шалдың айтқаны дөп келді. Біз сайлаған депутат төрт жыл мұрнын шұқығаннан басқа түк бітірмеді.
Әлде, миы мұрнында ма екен?
Тақпақшылар келеді
Ауданнан Гуля звандады:
– Көке, білесіз бе, сіздерге кісі бара жатыр.
– Әй, шырағым, өздеріңде ар-ұят бар ма? Кеше ғана келіп кетті ғой бір қорасы! – аттандап жатырмын.
– Әкімге қосайын ба, көке?
Түлкі бикеш қалай өлтіретінін біледі. Сылқ ете қаласың.
– Жә. Кім келе жатқан?
– Итемген деген. Аты ма, пәмилесі ме, білмеймін. Әйтеуір тақпақ жазады.
– Жақсы, трубканы тастай салдым.
Тілипон қайта безектеді. Гуля екен.
– Көке, неге толық тыңдамайсыз. Итемгеннің жанында бес адам бар.
– Әй, өзі естерің дұрыс па?
– Әкімді де айтып тұрсыз ба, көке?
– Жоқ-ей!
– Бір-бір ат мінгізсін дейді, көке?
– Көкең құрысын, көкең! Мен не, ат шығаратын зауытпын ба, әлде, асыл тұқымды айғырмын ба?
– Қожалықтарыңыз қайда?
– Оу, оларды бітірдік қой. Мені көрсе үйлерінен безеді.
– Атай салыңыз. Бәрібір бермейсіз ғой…
…Сонымен, Итемген келді бес әріптесін ертіп. Бір «скорыйда» өздері, бір «скорыйда» сықиған кітап. Өліп-талып мектептің спорт залын толтырдық. Сөз аңдыған қулар өздері келді. Төрдегі үстелге қызыл мата жаптық.
– Тұқымымызды құртқан кеңестің туымен түсімен түстес екен, – деп ыңырынды Итемген. Бұл да әдеттегідей тектінің тұқымы болып шықты. Бес «ұяласы» ыржыңдап тұр.
Қатынды жүгіртіп, құдағи өлгенде берген шапандық жасыл пүлішті алғыздым.
– Вахабис емессіңдер ме-ей? – деп шақшиды Итемген. Қасындағылары қутыңдап қалды.
– Атаңа нәлет, баста, бастамасаң, әйдә кет! – деп ауыл патриоты Темірбай атып тұрды. – Ерігіп отырған ел жоқ, бұл кешке той болатын жер.
Сол-ақ екен, той иесі Аюбай дүлей, айқайға басты:
– Тақпақтарыңның аузын ұрайын, сендерді шақырған кім өзі?! Көзімнен жас ыршып кетті. Айналайын ақ жүректерім-ай! Әйтсе де, өңешімді жыртып жатырмын:
– Оу, халайық! Мына жігіттер өзіміздің жігіттер екен. Оңтүстік астанадан келіпті. Шетінен тақпақ жазады екен, – осы кезде бөксемнің тыз ете қалғаны. Итемген екен шымшып алған.
– Ақындар деп айт, – деп, итің ызбарлана қалыпты. – Гулямен хабарласпасам…
– Ақындар, бұлар ақындар, – деп түзете қойдым. Итемген қатарласып таныстырды: – Бақабас Көкбас, Түлкібай Күзен, Жыланкөз Жарқанат, Алабас Қарабас, Текебас Бұқа. Бәрі – белгілі ақындар. Танитын шығарсыздар.
–Танымаймыз, білмейміз, – деп шуылдады кәрі-жас.
– Аттары жаман екен, бұларыңның, – деп мектеп күзетшісі Желгүл жеңгей шегін тартты. Қуып кіргізген оқушы балалар жер тепкілеп, әйдә ысқырсын. Көзімнен от жарқ ете қалды. Итемген екен үзіп алған.
– Гуляға звандайын. Тілипон қайда?! – дейді.
Зәрем кетті. Халқыма тап бердім.
– Әй қойсаңдаршы! Ұят емес пе? Танымасаңдар, танысамыз. Кітаптарын алып кепті.
– Жетеді, – деп ақырды ауылдың қисығы Ауданбай. – Өлгенде көрген пенсияма қайта-қайта кітап алып…
– Алмаймыз, – деп өзеуреді бір-екі жас мұғалім. «Нағыздың…» мүшелері ме екен? … мектеп деректіріне қарадым, тісімді қайрап. Жақын тұрғанда бір жерінен қыршып алатын едім.
Қойшы, не керек, ушаскобидың күшімен ақындарды зорға алып шықтым. Бізге бөлінген кітаптарын түсіртіп алдым, әдеттегідей.
Итемген ет жеп отырып «А-ға», «Б-ға», «С-ға» деген тақпақтарын оқыды. Қатарластары да қалған жоқ. Тақпақтарында мұң басым екен. Содан ба екен, біреуінің қышымасы қозып дыр-дыр қасына бастады. Біреуі жоғарыдан звандатып, бәрімізді қыратын болды. Мен ауылдың атынан алғыс айтып, бәріне ат атадым. Ертеңінде Гуляның тапсыруымен көрші ауылға шығарып салдым. Кім күтіп отыр дейсің, тақпақшыларды. Алла аясын…
Адам емес
Бақырбек Алланың бұйрығымен сиыр болып кетсе, көрші-қолаңның қорасын мүйізімен ашып кіретін малдың сұмырайы болар еді.
– Қарасан келгір, – деп кемпір-семпір қарғар еді оны.
– Жарып тастайын ба, осы,-деп шал-шауқан айыр ала жүгірер еді.
Жайылып тұрған кірді де жеп қояр еді. Келін-кепшік зар жылар еді: “Іш киімнен де дым қалдырмады-ау,” – деп. Соңына ергендер сорлап қалар еді. Әсіресе өңмеңдеген бұқа-бұқашықтардың бірінің мүйізі қағылып, бірінің қарны ақтарылып дегендей…
… Егер, ешкі болса, қорадағы қойды мүйіздеп бітірер еді. Таңдап-таңдап сүзер еді, іш тастасын деп. Қорадан шықса сұғанақтанып кетер еді. Кейін… Бәрі жаңағыдай. Қаптаған теке. Шашылған жем-шөп. У-шу. Қарғап-сілеу. Боқтау. Сынған мүйіз. Шұбатылған ішек-қарын.
Түйе мен жылқыға айналмасын қалар едім. Екеуі де адамға адал, текті түлік қой. Ал, құс болып кетсе, мейлі. Мәселен, тауық болып. Мұндайда ол қасақана, беймезгіл шақыра бастар еді. Жеңілтек қандастары қосылып кетіп, ел дүрлігер еді.
Шаруақор еркектер қатындарын балағаттар еді. Ең құрымаса сағатты да түзетпейтін болдың, шешеңді… – деп. Жүректілері сілейтіп те салар еді. Сосын, долданған қатындар радио аңдып, ақымақ тауықтардың қатесін дәлелдер еді. Шетте отырып шақырғандардың біразы әп-сәтте бастарынан айырылып, сорпаға айналар еді. Ал, ол болса, қан-жынға бөккен жемге қарқ болар еді.
Мұның әу бастан ит болып тууы да мүмкін еді. Бірақ, жеті қазынаның бірі саналатын тәуір бабаларына тартпас еді. Қысылса, қорқауларға жол көрсетіп, аулалас жануарларды қырғынға ұшыратар еді. Тіпті, ұяластарын да қиып жіберер еді. Қарны ашса үй иесінің ақкөңіл, етжеңді бәйбішесіне де ырылдап, сілекейі шұбырар еді.
Қысқасы, жылан болсын, бүйі болсын, қарға болсын, Бақырбек жаратылысына жат болар еді. Өйткені, ол адам емес! Азаматтарды араңдатып, нан тауып жүр…
Мұрнымды
кесіп берейін
Ауылға протон құлағанын НТВ-дан естідік. Іле-шала құзғындай құжынап вертолёттер қонды. Ырс-ырс еткен нөкерлерін ертіп бір орыс түсті.
– Силиматсыздар, силиматсыздар, – деді сақауланып.
– Салам, салам, – деп шуылдап жатыр қалғандары.
– Қош келдіңіздер, қош келдіңіздер! – деп біз де жүгіріп жүрміз. Осыншама ұлық біздің Қарасорға келеді деп кім ойлаған?!
Содан дөкей орыс сөйлеп берді. Шала-пұла ұққанымыз: үлкен бастықтар қатты абыржып жатқан көрінеді екен. Министрледің бәрі аштық жариялапты. Жер бауырлап жылап жатқандары да бар екен. Сақау бастық уһілеп отырып қалды. Су беріп едік ішпеді.
– Ештеңе етпес, ештеңе етпес, Бірінші рет емес қой, – деп шуылдады ауылдың әкімі әкесі екеуі жарысып. Қырық жыл селсәбет болған Ауданбай деген қайынатасы сөз сұрады.
– Олла-біллә, сол күні жел басқа жақтан болды. Әдеттегідей, тансәріде дәретке шығып едім, зәрім бетіме шашырап берекем кеткені. Демек, жел біздің Қарасорға қарай емес, Қараойға қарай соққан. Онда ылғи оралмандар тұрады.
Бір мес қарын орыс бастықтың құлағын жұтып қоя жаздап сүйрендеп жатты. Келесі сөзді екі қолын бірдей шошаңдатып Ауданбай шалдың құдасы Қарғабай алды.
– Бізге ешқандай бәле төніп тұрған жоқ. Үйренген нәрсе ғой, өздерің уайымға салынып ауырып қалмаңдар. Бұл жерде Ресей де кінәлі емес. Бәрін бүлдірген жапон. Арт дегенге арта бере ме екен, иттің балдары. Норма деген бар емес пе?! Жермен жүретін зат емес, ауада ұшатын нәрсе, құламағанда қайтеді? Біз үшін үкімет отставкаға кетіп жүрмесін!
Қаптаған нөкердің басы изеңдеп кетті.
– Ракимет, ракимет! – деп қояды.
Іле-шала көзәйнегі жарқырап сақау бастық сөйлеп берді.
– Бұрын-соңды болмаған зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі жарияланады. Кінәлілер жазаланады!
– Оттай бер! – деген ащы айқай сөзді бөліп жіберді. Жалт қарасақ, жиі-жиі жындыханаға жатып кеп жүретін Елібай. – Түк болмады, титтей зиян жоқ демесеңдер, мұрнымды кесіп берейін!
Полицайлар сүйреп әкетпегенде мүлде ұят болатын еді.
– Кешіріңіздер, – деді сайлау сайын жылап жүріп депутаттыққа өтетін Ақаубай жылпос сөзге килігітіп – «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген, значит «одно бараний говно испортить очень много ручного масла». Тағы кешірім сұрап көсіліп берді: – Жағдайымыз жаман емес. Протон құлаған сәттен емделудеміз. Әдеттегідей арақпен. Балдардың аузына шай қасықпен тамызамыз. Шал-кемпірге нанға шылап беріп отырмыз.
Күніне үш-төрт мәрте, тамақтың алдында. Ел күндіз-түні ұйқыда.
– Дұрыс, дұрыс, – деп месқарындар ыржаңдап қалды.
Бір қызығы, сойған қойдың етінен қонақтар татып алмады. Бір кесе шай да ішпеді. Көздері бақырайып бізге қарады да отырды. Әлде, Елібай жындының сөзін көңілдеріне алып қалды ма екен?
Мен қайдан білейін…
Біздің жақта “Үйсіздер мен қайыршылар қоғамы” жеке шағын серіктестігі (әрі қарай ҮҚҚ ЖШС) құрылмақшы. Елге берген есебінде әкім осылай деді. Себеп біреу – жағдай мүшкіл. Мәселен, біз түгілі ауданымыздың әкімі үш орынбасарымен үйсіз-күйсіз қаңғып жүр. Сосын олардан не сұрайсың? Қабылдауына барсаң, төртеуі бірдей өгіздей өкіріп отырады. Сиыр қораға кіріп кеткендей боласын. Қосыла боздап, кісі өлгендей көрісесің. Қалтаңдағы 5-10 теңгені тастап кетесің. Біздің қамымызды ойлап, қарындары ашып жүр ғой деп…
Олардың меншігінде түк жоқ. Мәселен, әкім әкесінің үйінде арендада тұрады. Тапқан-таянғанын соған береді. Анау қақпас шал ақшаны қақшып алып, жеуге жарайтыны бар, жарамайтыны бар азықты пышақтай протезі арқылы фаршқа айналдырып жұта береді, жұта береді. Таяуда шала піскен бұқаның басын жалғыз өзі жеді, – дейді шекеге шақырған көршілері. Мен қайдан білейін…
Әкім сорлы әкенің көңілінен шығам деп әбден бітті. Жүдеді, жадады. Тіпті, көзі ақиып кетті. Мүлде шығып кетпесе жақсы. Қосалқы табыс табамын деп бір түн түрмені, бір түн моншаны күзетеді. Ауыздан түсіп қалғандай әп-әдемі келіншегі байлардың үйін жинап, кір-қоңын жуып зыр қағып жүр. Әрі көрші-қолаңның балаларын бағады, – дейді білетіндер.
Айта берсең әңгіме көп. Осындай әке болады ма? Кемпірі өлгенде жиналған ақшаға үш қабатты үй соқтырды. Абажадай мәшине алды. Ал, туған баласына түк татырмайды, – дейді ел.
Той-томалаққа, өлім-жітімге әкім бала мүгедек атасынан қалған “Запорожецпен” барады. Екі есігінің біреуін тақтаймен бекітіп алыпты. Келін екеуі бір есіктен кіріп-шығады. Алда-жалда дәрет қысса келін байғұс қайтеді, ә? Туыстары айтады, шайқор деп. Мен қайдан білейін…
Үш орынбасары әйел адамдар. Қатын емес. Қызметке домашний тәпішкемен келеді. Өйткені, елдің жоғын жоқтап жүгіре-жүгіре аяқтары күп болып іскен. Өкпелері ағып кеткен. Ысылдап сөйлейді – ертегідегі жыландар сияқты. Айтыстарына қарағанда, қысы-жазы киіз үйлерде тұрады, жалғыз көлдің жағасында, кент қоқысына жақын жерде. Мұнда түлкі, қарсақ, қоян үйір екен. Күйеулері соларға тұзақ құрып, кәсіпкерлікпен айналысады. Балық аулап, базарға шығаратын еді. Ол базар сатылып тынды. Енді сырақорлармен тікелей байланыста. Кейде бірге ішіп кетіп, келе қатындарын сабайды. Басшы қатындарды ұру қандай екен, дейді жігіттер. Мен қайдан білейін…
Айтайын дегенім, бұлардың да әке-шешелері қатыгез. Кең сарайдай коттедждері бар, пенсияларына тұрғызған. Ең құрығанда арендаға кіргізбей ме, әкімнің әкесі сияқты. Қоянның етін жегенде сондай, сілекейлері ағып. Балықты ащылағанда сондай, саптыаяққа түсіп кете жаздап. Түлкі-қарсақтың терісінен тон кигенде сондай, дейді құда-жегжаттары. Мен қайдан білейін…
Біз енді түсіне бастадық басшыларымызды. Арыз да жазбаймыз ешқайда. Үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш жүрген бейшаралар біреудің жағдайын қайтіп шешеді?! Олар адам құрлы пропискада да жоқ. Үкімет қайда қарап отыр…
Сойып салыпты. Тілі мірдің оғындай екен. Жаса, Базеке. Жезқазғанның әкімін тошно таныдым. Басқасын да. Адам еместің де кім екенін біліп қойдық.
мықты!