Сарышаған–Балқаш тас жолында болған жол апатынан 11 адам зардап шекті
2 маусым күні Қарағанды облысындағы тас жолдың бірінде жол апаты болып, 11 адам ауруханаға жеткізілді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше жол апаты 2 маусым, сағат 14:10-да Сарышаған – Балқаш тас жолында орын алған.
– Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Estima көлігінің 38 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай қалып, жол жиегіндегі қоршауға соғылған. Оқиға салдарынан жүргізуші мен оның 10 жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді, – деп хабарлады полиция департаменті.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде нақтылағандай, зардап шеккен 11 адамға медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендердің арасында бала да бар. Олардың барлығы Балқаш қаласындағы ауруханаға жатқызылды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.