АймақБас тақырыпБасты тақырыпҚарқаралы

Сарыобалыда жылына жүз бастан артық мал семіртетін миллионер тұрады

Ауылда жүріп те, табыс табуға болады. Кейінгі уақытта мал бордақылауға ел іші баса ден қойды. Еңбекпен ерте шыңдалған Ернат Махмет – Қарқаралы ауданы Сарыобалы ауылының миллионері. Жылына жүз бастан артық мал семіртіп, Қарағандының базарларына ет жөнелтіп отыр.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Еті тірі, тірлігі ірі Ернат Тілекұлы атасының жолын жалғауды мұраты санайды. Махмет атасы ауыл шаруашылығы саласының жетекші маманы болыпты. Ата өнегесін сіңіріп өскен ұл да өзінің шаруашылығын ашып, кәсібін дөңгелетуде.

Қорадағы күнделікті шаруа жастайынан малсақ Ернаттың бір өзінен артылмайтын көрінеді. Содан еңбекпен шымыр болып өскен ол дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын оқып алады. Оқуын ойдағыдай тәмамдап келген оның ойына мал бордақылау кәсібі келеді. Жанып тұрған жас жігітті отбасы да қолдап, сенім білдіріп, әкесі демеп жібереді.

Сөйтіп, атасының атын иемденіп, «Mahmet Agro Farming» шаруашылығын ашады. Үкіметтің жеңілдетілген несиесінің де көп көмегін көріп, 25 млн теңге қаражат алып, шаруашылықтың қажетіне жұмсайды.

Өзінің қорасын кеңейтіп, жанынан тағы бір мал бордақылау алаңын салған. Жыл он екі ай тай, құнан, дөнен, бие жемдейді. Отыз жылқыға орын бар. Ал жаңадан соғып алған базында 40 сиыр жемдейді. Ауылдастарынан, көрші елдімекендерден бір жасар бұзау сатып алып, бір жыл бордақыға қояды. Мал азығы мол болса, әр бұқа шамамен 100 келі салмақ қосады. Сөйтіп, еңбек сүйген Ернат жылына 40-50 тонна ет өндіріп отыр.

«Мал бордақылау – дәлме-дәл уақытты, ерік-жігерді талап ететін шаруа. Күндіз-түні қорада болуың керек. Жем-шөбі, суы уақытымен болған жөн. Мұнда мал астын тазартып отыру – бірінші мәселе. Осы еңбегімізге сай рахатын да көріп отырмыз. Үйімізді кеңейтіп, үлкен қонақ бөлмесі мен жатын бөлмелерді көбейтіп жатырмыз. Осының бәрі еңбегіміздің, малдың арқасы», – дейді Ернат.

Ернат Тілекұлы техниканың да тілін ерте меңгерген. Жастайынан егіннің, шабындықтың қым-қуыт тіршілігін көріп өскен азамат. Соның арқасында малының жем-шөбін өзі дайындайтын бесаспап жігіт.
Қазір шаруашылығында тракторы, шөп шабатын техникасы, пресстегіш машинкасы бар. Егін оратын «Енисей-1200 1нм» комбайны, әйгілі «Газ-53» жүк көлігі сағат тіліндей сартылдап тұр. Олардың да май-суына, саймандарына бір өзі жауапты.

Ернаттың көмекшісі – әкесі Тілек және бауырлары. Егін салуды 2018 жылдан бері қолға алып келеді. 2019 жылы 100 гектар жерге көп жылдық екпе шөп егіп, қазір соның жемісін көріп отыр. Шаруашылығында шабындығын, егін аумағын, жайылымын қоса есептегенде 350 гектар жері бар.

Жас фермер мал семіртіп, салмақ басудың әбден қызығына кірген. 100-110 келі басатын бір жасар бұзауды таразыға салғанда 200 келіге дейін тартқызады. Сонда жем-шөпке кеткен шығынды алып тастағанда, 80 келі еттен пайда көреді. Ал, жылқы малына 70-80 келіге дейін салмақ қостырады. Бордақы мал азығы құнарлы болса ғана нәтиже береді. Сол себепті, сиырына тартылған бидайды, жылқыға кебек пен екінші сорт ұнын араластырып береді. Ет өнімін Қарағандының «Арай», «Шығыс», «Алтын арба» базарына өткізіп отыр. Онымен қоса, өзінің де тұрақты тұтынушылары бар.

Жалынды жас жігіт жиырма жасында ауылындағы ару Ақботамен отау құрады. Қазір екі жас төрт баланың ата-анасы. Көпбалалы отбасы. Аяулы жары да Ернаттың шаруасының бір жағынан шығысады. Ауылының пысық келіні атанған Ақбота екеуінің еңбекқорлығына Сарыобалы ауылындағылар сүйсінеді. Шаңырақтарынан осының бәрін көріп өскен екі жас балаларын да қазірден бастап еңбекке баулып жүр.

Ернат Тілекұлы шаруашылығының мүмкіндігін молайтқысы келіп отыр. Алайда, шабындықтың, жайылымның аздығы аздаған кедергі келтіріп отырған көрінеді. Үйір-үйір жылқы өсіріп, сиырдың да санын көбейтуді ойластырып отыр. Келіншегі Ақбота да сүт өнімдерін өндіріп, құрт-майын саудаға шығарғысы бар. Онымен қоса, Ернат егін салатын жерін жаңартып, жемшөп қорын молайтуды жоспарлап отыр. Қысқасы, атасының атындағы шаруашылығын сан салалы қылғысы келеді. Оған еңбекқор екі жастың әлеуеті де, әрекеті де жетіп отыр.

Ернат – ауылын сүйетін азамат. Өйткені, жас та болса, ауылының игілікті шаруаларына үнемі атсалысып жүреді. Қайырымдылық іс-шараларына да белсенді.

Жиырма жетіге биыл толған Ернаттың осылайша еңбекпенен еңсесі тік. Орда бұзар отызында шаруашылығы іргелі агрокешенге айналары анық. Өйткені, малдың да жай-күйін жетік біледі, техниканы да шағып тұр, қысқасы, өзінің шаруасын шаршамай, шымыр тындырады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button