10 қыркүйек күні Осакаров аудандық кітапханасында Отбасы күніне арналған «Отбасы – қоғам тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Айта кеткеніміз орынды, Отбасы күні елімізде жыл сайын қыркүйек айының орта шенінде аталып өтеді. Биылғы шараға жергілікті әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері, көп жылдан бері үлгілі ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар мен жастар қатысты.

Басқосудың мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту және отбасының әр адамның өміріндегі мән-маңызын дәріптеу. Іс-шара аясында кітапханада отбасы құндылықтарына арналған әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды.
Отбасы дегеніміз – адам өмірінің алтын қазығы, береке-бірліктің бастауы ғой. Ол – ұрпақ сабақтастығын жалғап, адамгершілік пен ізгіліктің дәнін себетін киелі ұя. Әрбір жан үшін отбасы – тіршіліктің тірегі, ең қымбат құндылықтардың қайнар көзі. Сондықтан, отбасының қадірін ұғыну, оны сақтау мен нығайту – қоғамның болашағына салынған берік іргетас.
Дөңгелек үстел отырысында дәм-тұздары жарасып, 45 жыл отасқан Әбдінайым Зекенұлы мен Рыскүл Ерденқызы, 25 жыл отасқан Серік Танжарықұлы мен Жанна Жұмағазықызы, 10 жыл отасқан Мейіржан Сейтжанұлы мен Күлпаш Иманқұлқызы өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасылық өмірдің өзгелерге үлгі болар қырлары туралы әдемі әңгіме өрбітті.
Ал Аналар кеңесінің төрағасы Ботагөз Қажымұратқызы мен кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі бас инспектор, бұрынғы АХАЖ бөлімінің басшысы Гүлсәуле Ақболатқызы отбасылық құндылықтар мен балалар тәрбиесіндегі өзекті мәселелер турасындағы ойларын ортаға салып, бүгінгі қоғамның өзекті проблемаларын қозғады. Әңгіме барысында отбасыдағы дәстүрлерді сақтау, балаларға дұрыс тәрбие беру, қиындықтарды жеңу жолдары жөнінде алуан түрлі пікірлер айтылды. Қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, жас ұрпаққа жылы лебіздерін білдірді.
Жиын соңында қонақтарға Алғыс хаттары табысталып, Әбдінайым ақсақал жастарға үлкендік сөзін айтып, әрдайым отбасының берекесін сақтауға, өзара сыйластық пен сүйіспеншіліктен айнымауға шақырды.
Осакаровкадағы Отбасы күніне арналған отырыс – әр әулеттің қоғамдағы ерекше орнын тағы бір айшықтаған тағылымды шара болды. Қатысушылардың жүрекжарды әңгімелері мен өзара тәжірибе алмасуы жас ұрпаққа өнеге болып, отбасы құндылықтарын ұлықтаудың маңызын айқындай түскендей. Мұндай кездесулер қоғамның бірлігін бекемдеп, берекелі отбасылардың көбеюіне жол ашады деген ойдамыз.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Осакаров ауданы