«Saryarqa» турнир кестесінде екіншіден үшінші сатыға төмен түсті
Хоккейден ел чемпионатының ХХІІ туры тәмам. Бұл кезеңде қарағандылық «Saryarqa» сырт алаңда өскемендік «Торпедомен» кездесіп, бірінші кездесуінде 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал, қарымта кездесуде 1:2 есебімен алаң иелеріне есе жіберді.

Биыл қос команда үш мәрте кездескен. Оның екеуінде қарағандылықтар жеңіске жетсе, бір ойын қарсыластардың пайдасына шешіліпті. Өскемендіктер – былтырғы маусымның күміс жүлдегерлері. Ал, жерлестер сол жылы қола жүлдеге қол жеткізген. Жалпы, қос команда бір-біріне сай қарсылас. Алғашқы кездесуде бір-бірінен асып түсе алмады. Үш айналымда да есеп ашылмады. Қос тараптан өткір шабуылдар болғанымен, нәтиже тіркелмеді. Кездесудің соңы овертайм уақытына ұласты. Бақ пен баптың сыналар тұсында жерлестердің айы оңынан туып, жеңісті жұлып алды. Бұл жолы командасына
жеңіс сыйлаған – Егор Кузьменко.
Қарымта кездесуде алаң иелерінің ойыны жүрді. 7-минутта қарсылас команда қорғаушысы Федор Хорошев, 25-минутта Андрей Лагунов көзге түсті. Есеп – 0:2. Ал, үшінші айналымда қарағандылықтар сапынан Александр Борисевич шайба салып, есеп алшақтығын қысқартқан болатын. Осылайша жерлестер сырт алаңда өткен кездесудің қарымта ойынында жеңісті жолын жалғастыра алмады.
Қазіргі таңда «Saryarqa» турнир кестесінде екіншіден үшінші сатыға төмен түсті. Ал, көш басында – елордалық «Номад» клубы. Еншілерінде – 38 ұпай. Одан кейінгі орында 32 ұпаймен петропавлдық «Құлагер» клубы тұр. Ал, жерлестердің қоржынында – 31 ұпай.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



