Жаңалықтар

«Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар АХМЕТ газет ұжымын мерейтоймен құттықтады

Құрметті  «Ortalyq Qazaqstan»  газетінің ұжымы, ардагерлері және оқырмандары!

Сіздерді Арқадағы арда басылымның 23 мыңыншы санының жарық көруімен құттықтаймын!

90 жылдық торқалы тоймен үйлесіп отырған бұл сәт – тек «Орталықтың» ғана емес, қазақ баспасөзінің айтулы оқиғасы.

23 000. Осы бір цифрдың астарында батпандай салмақ бар.

Бұл – Қарағанды өңірінің 23 томдық қатталған қалың шежіресі. Халқымыздың сүйініші мен күйініші, «тар жол тайғақ кешуі» мен жұлдызды сәттері де осында. Мұнда 90 жылдық жылнаманы түзген қаламгер қауымның орасан еңбегі, қайталанбас қолтаңбасы бар. Сонысымен құнды, сонысымен қастерлі!

Тоқсанның төріне шыққан «Ortalyq Qazaqstan» осынау жылдар ішінде шын мағынасында халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» бола білді.

Замананың бел-белестерінде уақыттың сан түрлі талаптарымен бетпе-бет келген кезеңдерде де басты ұстанымы – ұлт мүддесін қорғаудан айныған емес. Осы жылдар ішінде талай сөз зергерлерін қанаттандырды. Талай ақын-жазушыларымыздың шығармалары ең алғаш «Орталық» бетінде жарияланды. Өнер мен мәдениет және басқа да сан түрлі сала саңлақтарын іздеп тауып, тұсауын кескен, халыққа алғаш таныстырған да «Орталық».

Осының барлығы Арқа топырағында баспасөздің бірегей мектебін қалыптастырған алдыңғы толқынның, олардың игі дәстүрін сәтті жалғастыр­ған  қазіргі ұжымның еңбегі деп білеміз.

Руханияттың қастерлі қарашаңырағына айналған басылымнан қанаттанып, шыңдалып, бас редактор ретінде еңбек еткен мен үшін осынау тарихи сәттің ортасында болу –  үлкен мәртебе.

Байыпты басылым торқалы тойды «Saryarqa Aqparat» атты іргелі медиахолдингтің құрамында қарсы алып отыр. Осы жылдың басынан жаңа формат пен жаңа дизайнға көшті, заманауи талаптарға сай мазмұнын да өзгертті.

Жаңа белеске қадам басқан газеттің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Ол – басылымды жаңғыртуды жалғас­тырып, ақпарат таратудың қазіргі заманғы озық тәсілдерін қолданысқа енгізу. Оқырмандар қатарын, шығармашылық ұжымның біліктілігін одан әрі арттыру.

Газет бұл межені де абыроймен бағындырып, жұртқа қалтқысыз қызмет ете береді деп сенемін.

«Орталықтың» ардагерлері мен ұжымын, оқырмандарын бүгінгі тарихи сәтпен құттықтай отырып, баршаңызға елдікті нығайту жолында қажымас қайрат, шалқар шабыт тілеймін!

Қамбар АХМЕТ,

басылымның 2019-2020 жж. Бас редакторы,

«Saryarqa Aqparat»  медиахолдингінің  директоры.

Басқа материалдар

Back to top button