Руханият

Сарыарқаның інжу-маржаны

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында кейінгі қола дәуіріне тиесілі бірегей археологиялық олжалар көпшілік назарына ұсынылды. «Сарыарқаның бірегей артефактілері» атты көрме өңірде металлургия өндірісі б.з. II-III ғасырларында-ақ қалыптасқанын айғақтайтын құнды деректерді паш етеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайы мен Сарыарқа археологиялық институтының бірлескен жобасы ретінде ұйымдастырылған бұл экспозиция Қаражартас археологиялық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған артефактілерге арналған. Ғалымдар «Қазақстан пирамидасы» деп атап жүрген бұл кешен – соңғы жылдары археология ғылымында ерекше қызығушылық тудырған нысандардың бірі.

– Өкінішке қарай, Теміртауда археология саласын кеңінен насихаттау мүмкіндігі шектеулі. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін Сарыарқа археологиялық институтымен бірлесіп, арнайы көрме ұйымдастыруды жөн көрдік. Теміртау – металлургтер қаласы. Бұл экспозиция өңірде металл өңдеу ісі ежелгі дәуірлерден бастау алғанын, б.з. II-III ғасырларында-ақ жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді, – деді мұражайдың ғылыми қызметкері Ольга Шувалова.

Көрмеге қойылған жәдігерлер қатарында еңбек құралдары, өрнек ретінде ойылған сүйек бұйымдары, жебе мен найза ұштары бар. Әсіресе, металл бұйымдарын құюға арналған қалыптар, зергерлік әшекейлер – қапсырмалар мен сақиналар келушілердің қызығушылығын тудырып отыр.

Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкиннің айтуынша, ұсынылған артефактілер соңғы он жыл ішінде академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің археологтары жүргізген кешенді зерттеулер нәтижесінде табылған.

– Көрме үшін барынша құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлер іріктелді. Олардың арасында ерекше пішіндегі металл пышақтар мен нәзік өрнектелген сүйек бұйымдары бар. Бұл олжалар қола дәуіріндегі шеберлердің кәсіби деңгейін айқын көрсетеді, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, экспозицияда Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған қола дәуіріне жататын керамика сынықтары да қойылған. Керамикалық материалдар арқылы сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілік, шаруашылық және мәдени ерекшеліктер жөнінде тың мәліметтер алуға болады.

Айта кетейік, көрме 19 наурызға дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспозиция мектеп оқушылары мен студенттерге, сондай-ақ, өңір тарихына қызығушылық танытатын барша тұрғынға археологиялық мұраны жақыннан тануға мүмкіндік берері сөзсіз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button