Сарыарқаның алтын қақпасы: торқалы тойдан тəбəрік
Арқа мен Жетісудың арасын жалғап жатқан алтын тамыр, тоғыз жолдың торабында орналасқан Сарышаған кентіне биыл жетпіс жыл толды. Ынтымағы ыдырамаған, ырыс-берекесі тасыған ауылдың халқы мерейлі жылды торқалы той еткізіп атап өтті. Бұл дүбір тек ас ішіп, аяқ босату емес. Елге шарапаты тиетін игілікті шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, ауылдың ең биік жотасынан сəні келіскен саябақ ашылды. Ауыл жастарына арналған волейбол мен баскетбол алаңы бой көтерді. Теміржол вокзалындағы жаңадан ашылған мұражайда жолаушылар түрлі жəдігерлермен танысатын болады. Мешіт жанындағы діни сауат ашу орталығы мен асхана көптің көмегімен, ауылға жанашыр азаматтардың атсалысуымен салынып отыр. Міне, осы секілді ілкімді істер іргелі кенттің мерейтойы қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Олай болса, екі күндік той дүбірін тарқаталық…
Сарышағанның тарихы мұражайда сайрап тұр
Сарышағанды былайғы жұрт станция ретінде жақсы таниды. Бұл елді мекен Сарыарқаның алтын қақпасы іспетті. Олай дейтініміз, кент үстінен 16 бағыт бойынша 46 пойыз жəне «Алматы-Екатеринбург» тасжолы өтеді. Яғни, маңызды көлік торабы. Күніне мыңдаған жолаушы, жүздеген техника ат шалдырады. Іргедегі Балқаш пен Приозерск қаласының тұрғындары осындағы вокзал арқылы пойызға отырады. Айтпақшы, вокзал 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 262, 7 млн.теңге қаражатқа жаңадан салынған еді. Мұндағы халықтың дені жол бойында еңбек етеді. Ауыл халқы, əсіресе, теміржол саласының ардагерлері ұйымдаса келе, мерейлі жыл қарсаңында мұражай ашуды ұйғарыпты. 1953 жылдан бергі уақытта станция ретінде танылған Сарышағанның тарихы осылайша ойға алған мұражайда қайта түрленіп, жаңғырды. Шарапатты шаралардың алғашқысы – осы. Тойға жиналған жұртшылық вокзалдың екінші қабатындағы мұражайдың ашылу салтанатына куə болды. Мұражайдағы экспонаттардың көбі – теміржол саласына маңдай тері сіңген ардагерлердің ертеде қолданған құрал-жабдықтары. Онымен қоса, станция тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары да – осында. Үздік теміржолшылардың алған марапат қағаздары, төсбелгілері де енді музей төрінде. Мұражайды ашуға себепкер болғандардың бірі Əбдірахман Оспанов «əлі де музей қорын түрлі экспонаттарға толтырамыз» дейді. Ауылдан қанат қағып кеткен азаматтар осы шаруаны естіп, қоңырау шалып, аталарының, əкелерінің қызметте қолданған құралдарын табыстауға ниеті барын жеткізіп жатыр екен. Осылайша, теміржол мұражайының есігі айқара ашылды. Енді, жолаушылар да экспонаттарды тамашалап, станция тарихынан мағлұмат алады. «Ауыл азаматтарының осы бір ойға алған дүниесі ертеңге қалған із болды»,– дейді сырттан келген меймандар.
Жастарға тарту-таралғы
Мұражайдың ашылу салтанатынан соң меймандар «Шыңға өрлеу саябағына» қарай бет алды. Ауылдың көл жағына қарай, дөңнің үстіне салынған саябақтың сəні келісіп-ақ тұр. Ауылды осы биіктен көресіз. Көкше көлге де көз тастайсыз. Мұнда ешқандай бюджеттен ақша тартылмаған. Мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектердің жастарға тартуы екен. 1965 жылы туған ауыл азаматтары осыны ерте ойлап, қам жасаған. Арнайы кенттің 70 жылдық тойына үлгерсек деген ниеттеріне, міне, абыроймен жетіп отыр. Саябақтың ішіне көшет, гүл отырғызып, жайқалтып қойыпты. Балқаш жолбарысының, киіктің, бүркіт мен самұрық құстың да тасмүсіні – осында. Саябақтың көркін ашып тұр. Саябаққа шамамен 30 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Мүсіндерді Астанадағы шебер Бектұр Жандарбекұлына арнайы тапсырыс беріп, соқтырыпты. –
Былтыр наурыз айында орнын белгілеп, қазығын қаққанбыз. Бала кезімізде осы қырда шана, шаңғы теуіп өстік. Көлге қарап, тамсанатынбыз. Содан ақылдаса, ауыл халқы кешкілік серуен құрып, демалатын саябақ салайық деп шештік. Достарымыз бірден қолдады. Астанадағы архитектор Арайлым Əбдірахманқызына сызбасын жасаттық. Əбден пысықтап, құрылыс жұмыстарына кірістік. Соның нəтижесінде осындай жинақы саябақ салынды, – дейді шарапатты іске атсалысқан Шынтас Мұқашев.
Сəні келіскен саябақтың лентасы қиылып, шашу шашылды. Əн шырқалды. Би биленді. Ауыл халқы көтеріңкі көңіл күймен əрі қарай баскетбол мен волейбол алаңына қарай жол тартты.
Енді, ауыл жастары су жаңа алаңда бойларын жазып, бір мезгіл доп ойнап, жаттығады. Заманауи алаңның құрылысына бюджеттен 14 млн. 240 мың теңге бөлінген. Алаң Теміржол көшесінен салынған. Кент əкімі Əнуар Тойымбеков жастардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін айтады.
– Ауыл жастары баскетбол мен волейболға ерекше қызығады. Жарыстарға да қатысып, жүлделі болып жүр. Сол себепті, жастармен де кеңесе келе, осындай алаң салайық деп шештік, – дейді əкім.
Сауат ашу орталығы – саналы ұрпақ үшін
Түс ауа тойға жиылған жұртшылық мешітке қарай қадам басты. Жұмадағы оқылған дұғаға қол жайды. Мешіт жанынан жаңа ашылған асхананың төріне жайғасты. Меймандарға арнайы дəм берілді. Мұнымен қоса, жаңа ғимараттың екінші қабатында діни сауат ашу орталығы жұмыс істейтін болады. Көптің көмегімен бой көтерген бұл орталықтан енді үлкен де, кіші де ислам ілімінен білім ала алады.
Жаңа ғимараттың құрылысына ауылдың əр өкілі атсалысыпты. Құрылыстың негізгі бөлігін, қабырғасын ауылдың азаматы, кəсіпкер Аят Нұрсейітов көтеріп берген. Құрылыстың басы-қасында жүрген Оралбай Мақановқа да елдің ықыласы ерекше. Ал, 1991 жылғы жігіттер ғимараттың терезелерін мойнына алған. Шамамен 2 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Ауыл азаматы Жасұлан Кенжеқараев барлық терезені тегін салып берген. 1996 жылғы жігіттер де сауаптан құр қалмалық деп, төбені қаптап беріпті. Бөлме есіктерін 1997 жылғылар алып, оны Жарбол мен Атабек есімді жігіттер тегін орнатқан. Сыртқы есікті 1999 жылғылар салса, кіреберістегі есікке 2000 жылғы азаматтар демеушілік жасаған. Ал, ауылдағы ақжаулықты аналар жиналып, мешіт асханасының ыдыс-аяғын, керек жабдығын алып беріпті.
– Мешіттің ауласын абаттандыру жоспарда бар. Орындықтар қоямыз. Бір шетіне балалар алаңын салмақшымыз. Жаңа ғимараттың кенттің 70 жылдығы қарсаңында ашылып жатқанына біз де ерекше қуаныштымыз, – дейді ауыл мешітінің бас имамы Сəбит Мақанов.
Мешітті 2021 жылы ауылдың қадірлі ақсақалы, белгілі профессор Əмір Сембеков өз қаражатына салып берген. Ауыл халқының да басқа да жұмыстарға септігі тиіпті. Сыйымдылығы – 200 адам. Асханасына 250 адам емін-еркін сияды. Енді, кент халқы Құран оқытып, осы жерде ас береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Естай Əбдіғали жаңа ашылған діни орталыққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі, белгілі исламтанушы Ершат Оңғаровтың «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты 10 кітабын, басқа да мүфтияттың келісімімен жарық көрген түрлі 50 діни кітапты табыс етті. Сонымен қатар, өз атынан жаңа орталықтың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыс жариялады.
Той алаңы дүбірге бөленді
Келесі күні ауыл халқы той алаңын бетке алды. Көкше көлдің жағасында ақшаңқан ақ боз үйлер тізбектей тігілген. Меймандарға арнайы дəм берілді. Құран оқылды. Қонақтар концерттік бірлестік дайындаған мерекелік шараны тамашалады. Алғашқы құттықтау сөзін алған Ақтоғай ауданының əкімі Руслан Кенжебеков сарышағандықтарды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Одан соң ардагер теміржолшыларға Алғыс хат табыстады. Тойға арнайы шақырылған құрметті қонақтар да жылы лебіздерін білдірді.
Жүрсіннің жүйріктері Мақсат Аханов пен Дидар Қамиевтің жырдан шашқан шашулары көптің көңілінен шықты. Қос ақын Сарышағанның мерейлі жылын, тарихын, салмағын жырларына арқау етті. Түс ауа белгілі дүлдүл əнші Наркенже Серікбаеваның жеке концертін тамашалады.
Жас палуандардың белдесуі де тартысты өтті. Əр өңірден келген жас жеткіншектердің жеңіске деген құлшынысына көпшілік сүйсінді. Сонымен, көп баланың ішінде топ жарған палуанның есімі – Уəлихан Ахмедиев. 50 келіде жеңімпаз атанған сарышағандық палуан 100 000 теңгеге ие болды. Ал, 70 келі салмақ дəрежесінде жеңіске жеткен сарышағандық Темірлан Мəуленқұл тай мінді.
Ал, 90 келі салмақта бағы жанған палуан – Марлен Жанғабыл. Ақадыр кентінің азаматы. Қарсыластарынан басым түскен палуан кіші қажылыққа жолдама алды. Айта кетейік, Марлен палуан бұған дейін де талай дүбірде қарсыластарынан басым түсіп жүрді. Тойдың түйе палуаны атанған шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров 250 000 теңгені еншіледі. Қазір қолкүрес қарқынды дамып жатыр. Жер-жерде. Ас-тойдың да сəніне айналды. Бұл ұлттық ойын түрінен Арыстан келген Олжабек Арсеннің бағы жанды (100 000 теңге). Ал, кір тасын көтеруден елордалық Назим Ахмедиевтен ешкім асып түсе алмады. Бұл əлді жігітке де 100 000 теңге бұйырды.
Кешкілік тойға жиналған қауым атшабар аумағына ағылды. Тойдың да дүбірге бөленетін тұсы. Тұлпарлар айналаны шаңға бөктірді. Аламан бəйгеде алдына қара салмай келген сарышағандық атбегі Бекболат Шалғынбаевтың «Ханторы» сəйгүлігі. 31 шақырымда шашасына шаң жұқтырмай келді.
Осылайша, бабы келіскен, бағы жанған тұлпар иесі судай жаңа «Лада-Гранта» көлігінің кілтіне ие болды. Жан-жақтан келген тайлар 5 шақырымға шапты. Мұндағы бəйгеден Ұзынағаштан келген атбегі Ғалымжан Оңдасынұлының «Қарлығаш» тайы топ жарып келді. Астындағы атының бабын тауып, желдей жүйткіп шауып келген шабандоз мотоцикл мініп қайтты. Осылайша, Қарағандыдан шалғай жатқан Сарышаған кентінің жетпіс жылдық тойы екі күн бойы дүбірге бөленді. Мұның бəрі ауыл халқының ымыра-бірлігімен өтіп отыр. Сөз жоқ, осындай ақеділ ағайынның барында кенттің келешегі кемел екеніне күмəн келтіре алмаймыз…
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz
ҚАРАҒАНДЫ-САРЫШАҒАН-ҚАРАҒАНДЫ