Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

«Сарыарқа» жылды жеңіспен аяқтады

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы биылғы жылдың соңғы ойынын өткізді. Жерлестер өз алаңында атыраулық «Бейбарыс» командасын қабылдап, бірінші кездесуде 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ,  қарымта ойында қарсыластарынан айласын асырып, 8:0 есебімен тас-талқан жеңді.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Негізі, жерлестер бірінші кездесуінде жеңіске жететін де еді. Егер, азды-көпті мүмкіндігін сәтті пайдаланса. Өзі бірінші айналымнан-ақ алаң иелері атой салып, басымдыққа ие болды. Одан қала берді бесінші және тоғызыншы минутта есеп ашып, бірінен соң бірін екі шайбаны қарсылас қақпасына тоғытты. Бұл жолы көзге түскен қорғаушы Эдгарс Сиксна мен шабуылшы Артем Лихотников. Екеуінің ойын басында салған шайбасынан кейін біршама уақыт таблодағы есеп өзгермеді. Тек, ойынның 17-минутында қарсыластар қақпадан саңылау тауып, есеп алшақтығын қысқартты. Бірінші айналымның қорытындысы бойынша есеп – 2:1.

Екінші айналымда алаң иелері қарсыластың қақпасын торуылдаумен жүрді. Қос қапталдан шабуылды кезек жасағанымен, қарсыластар қателікке бой алдырмады. Ойыншылардың жолын бөгеп, шайбаны қақпаға маңайлатпады. Осындай сәтте атыраулықтар алаң иелерінен шайбаны тартып алып, қарымта шабуыл жасаған. Шабуылынан нәтиже шығарып, таразы басын да теңестіріп кетті. Бірақ, қарағандылықтар да қарап қалмай 31-минутта есеп ашып, екінші айналымды 3:2 есебімен тәмамдады. Бұл жолы көзге түскен – Влпдимир Волков.

Шешуші айналымда «Сарыарқа» шабуылшысы Егор Смолянинов ойындағы төртінші шайбаны салады. 50-ші минутта әріптесі Эдуард Михайловтың тамаша пасын мүлт жібермей қақпаға бағыттап, 4:2 есебімен командасын алға шығарған. Бірақ, ойын соңына дейін қарсыластар қатарынан екі шайба салып, таразы басын теңестіреді. Осылайша, қос қарсылас негізгі ойын уақытында тең түскендіктен кездесу буллит сериясына ұласады. Өкінішке қарай, бұл кезеңде алаң иелері қарсыластардан айласын асыра алмады.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу алаң иелері үшін біріншісіндей қиынға түскен жоқ. Әуелі, бірінші айналымда жерлестер қарсылас қақпасына бір шайба ғана салған. Екінші айналымда қатарындан бес, үшіншісінде тағы да екі шайба салып, мүмкіндік қалдырмады. Бірінші кездесуінде сүрінген жерлестер қарымтасында есе қайтарып, жылды жарқын жеңіспен аяқтады..

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button