«Сарыарқа» – жартылай финалда
Өңірлік «Сарыарқа» хоккей клубы Қазақстан кубогы аясындағы кезекті кездесуін жеңіспен аяқтап, аймақтың айбынын асырды. Бұл жолы хоккейшілеріміз көкшетаулық «Арланды» 4:3 есебімен тізе бүктірді. Олар қатарынан үш ойында жеңіс жолынан таймай, турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

Ойын қарқынды басталды. Алғашқы кезеңнің сегізінші минутында Виталий Божко Константин Пальмтаг пен Егор Наместниковтің әдемі пасын сәтті пайдаланып, есеп ашты. Бірінші жиырма минуттық тайм осы нәтижемен аяқталды. Есеп – 1:0.
Екінші кезеңде Александр Борисевич (ассистенттері – Тимофей Симонов пен Кирилл Пономарев) «Сарыарқаның» есебін еселеді. Дегенмен, «Арлан» командасының дойбышысы Денис Недилько мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Жанқияр жанкүйерлердің қиқуы қарағандылықтарға демеу білдірсе керек. Аз ойыншымен ойнаған сәттің өзінде Артем Лихотников мұз айдынында ерлік көрсетіп, тағы бір шайба соқты. Есеп – 3:1.
Үшінші кезеңде тартысты ойын шарықтау шегіне жетті. Эдуард Михайлов Сергей Барбашев пен Артем Лихотниковтің пасынан кейін төртінші шайбаны қарсылас қақпасына тоғытты. Осыдан кейін «Арлан» тәуекелге бел буып, қақпашысын да қапталға шығарып, шабуылға кірісті. Нәтижесінде ұтымды сәтті оңтайлы пайдалана біліп, қос бірдей ұпайды еншіледі. Есеп саны қысқарғанымен «Сарыарқа» айқын басымдықпен келесі кезеңге жолдама алды. Қорытынды есеп – 4:3.
Келесі кездесу бүгін 19:00-де өтеді. «Сарыарқа» өз алаңында қызылжарлық «Құлагерге» қарсы ойын өрнегін көрсетпек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»