«Сарыарқа» жартылай финалға жақын
Хоккейден ел чемпионатының плей-офф кезеңінде қарағандылық «Сарыарқа» өз алаңында рудныйлық «Горнякты» 6:2 және 5:1 есебімен жеңген болатын. Сырт алаңда өткен қарымта кездесуде жерлестер бірінші матчта 2:3 есебімен жеңілсе, екінші кездесуінде 4:1 есебімен есе қайтарды.

Сырт алаңда өткен алғашқы кездесуде жерлестер бірінші болып, есеп ашқан еді. Ойынның небәрі 2-ші минутында Егорь Кузьменко қарсылас қақпасынан саңылау тапқан. Алайда, бірінші таймның аяқталуына санаулы минут қалғанда алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті.
Екінші айналымда да дәл солай. «Сарыарқа» шабуылшысы Артем Лихотников 20-шы минутта есеп ашып, командасын алға шығарған болатын. Өкінішке қарай, қарсыластар 38-ші минутта есепті 2:2-ге жеткізді. Үшінші айналымда қос команда нәтиже тіркемеді. Таблодағы көрсеткіш өзгермей, кездесу овертайм уақытына созылған. Бұл жолы алаң иелері басым түсіп, овертаймда салған жалғыз шайбасы кездесу тағдырын шешті.
Сырт алаңдағы қарымта кездесуде «Сарыарқа» мұз айдынына қарқынмен шықты. 8-ші минутта – Данила Карабан, 23-ші және 36-шы минутта Егор Кузьменко шайба салып, есепті 3:0-ге жеткізген. Алаң иелері үш шайбаға жауап ретінде тек 51-ші минутта бір шайбамен ғана жауап қайтара алды. Қарағандылықтар бұнымен тоқтап қалған жоқ. Шабуылға қайта шығып, қарсылас қақпасын қайта-қайта нысанаға алды. Осындай ұрымтал сәтте Егор Кузьменко ойындағы үшінші шайбасын салып, командасына жеңіс сыйлады.
– Қарсыластарды өз алаңымызда екі рет жеңгеннен шығар, үшінші кездесуде босаңсып қалғанымыз рас. Қарсыластар осы сәтті пайдаланып, жеңіске жетті. Бұл жолы шыны керек, «Горняк» жақсы ойнады. Әсіресе, овертайм уақытын өз пайдаларына шешті. Бірақ, екінші матчта біз ондай қателікке бой алдырмадық. Алаңға басқа тактикамен, басқа құраммен шығып, жеңіске жеттік. Бұнымен ойын біткен жоқ. Бесінші кездесуіміз бар. Шешуші матчта міндетті түрде жеңуіміз қажет. Оған көңіл-күй де, жігер де басым. Біз ең әуелі жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Әр ойынды жібермейтін барша жанкүйерге алғысымды айтамын. Жанкүйерлер сенімін ақтау үшін міндетті түрде жеңіске жетеміз, – деді шабуылшы Егор Кузьменко.
Әзірге қос команда арасындағы жалпы есеп – 3:1. Қарағандылықтар алда. Енді шешуші, яғни, бесінші кездесу – Қарағандыда. Егер жерлестер бұл кездесуде жеңіске жетсе, келесі айналымға жолдама алады. Ал, жеңіліп қалса, қайта бір матч ойнамақ. Ол ойын сырт алаңда өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



