«Сарыарқа» тағы сан соқты
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы плей- офф кезеңіндегі «Алматы» клубына қарсы өткізген екінші ойынында да жеңіске жете алмады. Ойынның негізгі бөлігінде 3:3 есебімен тең ойнап, овертайм уақытында жеңісті уысынан шығарып алды.
Алғашқы болып, жерлестер есеп ашты. Ойынның 8-ші минутында қарсылас қақпасына Глеб Зайцев бірінші шайбаны тоғытты. Осыдан кейін таблодағы есеп өзгермеді.
Екінші айналымында қарағандылық қақпашы Никита Акулинин қарсылас команда шабуылшысы Станислав Рангаев пен Cтепан Штефанның соққысын қайтара алмады. Осылайша қарсыластар екінші айналымда 1:2 есебімен алға шығып кетті.
Үшінші айналым басталысымен жерлестер шабуылды үдете түсті. Сәйкесінше, нәтиже де тіркеді. Бұл жолы қарсылас қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестірген – Руслан Демин. Бірақ, қарсыластар да қарап қалған жоқ. Қарымта шабуыл жасап, ойынның 50-ші минутында үшінші шайбаны салды. Бұл жолы көзге түскен – Денис Гафаров.
Жерлестер сапынан 56-шы минутта Дмитрий Стулов тағы да есепті теңестірді. Чемпионат шарты бойынша – тең ойнау деген жоқ. Екі команданың бірі жеңуі – шарт. Сондықтан, ереже бойынша кездесу овертайм уақытына ұласты. Алайда, жерлестер соңғы мүмкіндігін де пайдалана алмады.
Осылайша қарағандылықтар төрт кездесудің екеуінде жеңіліп қалды. Бірақ, алда әлі екі ойын бар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан