Жаңалықтар

“Сарыарқа” сайыпқырандарды шақырады

Бүгінде Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы елдегі ең атақты командалардың бірегейі. Дәл осы шайбалы хоккей мектебіне 4-8 жастағы ер балаларды қабылдап жатқанын құлағдар етеміз. Бәлкім, балаңыздың маңдайы жарқырап, үлкен додаларда өнер көрсетуі мүмкін. Айтпақшы, мектепте қазақ балалары жоқтың қасы…

Қарағандылық сайыпқырандар Бүкілресейлік Жоғарғы Хоккей Лигасы тұрақты маусымының екі дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, жерлестеріміз аталмыш жарыс аясында ұйымдастырылатын «Братина» және Петров Кубогінің иегері. Ішкі біріншілікте «Сарыарқа» командасы ел чемпионатында екі мәрте үздік танылып, жеңіс тұғырынан көрінген.

Қазіргі таңда қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы жастарға ден қоюда. Команда ойыншылары Ұлттық Құрамаға шақырту алып, халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғауда. Олардың қатарында Александр Борисевич, Демид Еремеев, Никита Бояркин сынды хоккейшілер бар. Бұдан бөлек, Қарағанды хоккей мектебінің түлектері Құрлықтық Хоккей Лигасында және мұхиттың ар жағында Ұлттық Хоккей Лигасының командаларында өнер көрсетуде.

– Құрметті ата-аналар! Қазірден бастап балаларыңызды хоккейге жазуға асығыңыз. Бәлкім сіздің ұлыңыз болашақ чемпион болып, Ұлттық құрамада өнер көрсетуге лайық шығар. Жаттығу Қарағанды-Арена және DOSZHAN-SPORT мұз айдынында өтеді. Аптасына 6-7 дайындық болады. Хоккей мектебінде жаттығу жүргізу тегін және әр ойыншыға команда формасы беріледі. Қосымша ақпарат алу үшін 50-78-79 нөмеріне хабарласыңыздар, – дейді «Сарыарқа» хоккей клубының баспасөз хатшысы Бекежан Бақдаулет.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button