«Сарыарқа» сақадай сай
22-29 тамыз аралығында Қарағанды және Өскемен қаласында Qazaqstan Kubogi 2025 турнирі өтеді. Ал, топтық кезеңнен кейінгі плей-офф ойындары Қарағандыда ұйымдастырылады деп күтілуде. Бүгінде қарағандылық клуб былтырғы маусым соңынан ашылған трансферлік терезеде біршама жаңа ойыншы алған болатын. Күні кеше тағы да үш бірдей жас ойыншылармен келісімшартқа отырды. Бүгінде «Сарыарқа» ел кубогына сақадай сай. Жаңа құраммен осы бір беделді турнирде бақ сынамақ. Сонымен қатар, клубтың бапкерлік құрамы да бекіген…

Биылғы ел кубогында 8 команда бақ сынамақ. Командалар өткен маусымда жинаған рейтинг көрсеткіштері бойынша екі топқа бөлінген. А тобындағы ойындар Қарағандыда өтеді деп күтілуде. Бұл топта былтырғы чемпион – көкшетаудың «Арланы», «Сарыарқа», рудныйлық «Горнягы» және атыраулық «Бейбарыс» клубы бар. Ал, В тобына өскемендік «Торпедо», «Алматы», «Ақтөбе» және Петропавлдың «Құлагері» топтасқан.
Айта кетейік, бұл турнирге тағы бірнеше клуб қатысуы керек-тін. Алайда, ташкенттік «Хумо» клубы Қазақстан кубогы мен Pro Hokei Ligasy чемпионатына қатысатынын растайтын ресми құжаттарын әлі ұсынбаған. Одан бөлек, павлодарлық «Ертіс» пен «Мұнайшы» клубы да қаржылық мәселелеріне байланысты ересектер мен жастар арасындағы Қазақстан кубогына қатыспайтын болды. Бірақ, қос команда Pro Ligasy мен Jastar Ligasy чемпионатының жаңа маусымында өнер көрсетеді.
Команда сапында қосалқы құрамнан шығатын Жакен Ибрагимов деген жас қақпашы бар-тын. Өткен маусымда 15 ойын өткізіп, орта есеппен қақпаға жасалған соққының 92,7%-ын қайтарған. Клуб басшылығы жас ойыншыға сенім артып, клуб қатарына тағы бір маусымға алып қалды.
Сонымен қатар, клуб басшылығы үш бірдей шабуылшыны сапқа қосты. Әуелгісі елордалық «Nomad Astana» клубының шабуылшысы – Егор Смольянинов. 21 жастағы ойыншы осыдан төрт жыл бұрын кәсіби мансабын «Снежные барсы» клубынан бастаған. Былтырғы маусымда ғана елордалықтар қатарына қосылыпты. Соған қарамастан 33 ойын өткізіп, бір шайба және тоғыз голдық пас берген.
«Снежные барсы» клубының шабуылшысы Илья Шапоров та жаңа маусымда қарағандылық клуб сапын толықтырмақ. Жас ойыншы – осы клубтың түлегі. Мансабын да сол клубтан бастаған. Жас та болса, мұз айдынында тамаша өнер көрсетіп келе жатқан ойыншы. Жеке деректеріне сүйенсек, шабуылшы былтырғы маусымда 38 ойын өткізіпті. Екі шайба салып, төрт нәтижелі пас берген.
Тағы бір жас ойыншы Санжар Түсіпбековті атыраулық «Бейбарыс» клубынан алдыртқан. Ол ойыншы мансабын «Снежные барсы» клубынан бастаған. Содан бері «Арлан», ««Nomad Astana», «Ақтөбе» сапында өнер көрсетіпті. «Бейбарыс» сапына тек былтырғы маусымда ғана ауысып келген. Бірақ, клуб басшылығы жас ойыншыны айдынға жиі шығармаған. 21 жастағы ойыншы былтыр бар болғаны мұз айдынында 9 ойын ғана өткізген көрінеді.
Жаңа маусымға команданың бапкерлік құрамы бекіп, штабқа жаңа маман алған. Бірақ, атап өтетін ешқандай өзгеріс жоқ. Әдеттегідей, былтырғы маусымда жемісті жұмыс атқарған мамандар жұмысын жалғастыра бермек. Владимир Князев – команданың бас бапкері. Ал, бас бапкердің көмекшісі Виктор Буяльский болып қала бермек. Шабуыл мен қорғаныс жүйесіне жауап беретін Дмитрий Главюк болса, қақпашыларды Макар Кармалин жаттықтырады. Сонымен қатар, штаб құрамына Евгений Ермаков қосылып, бейне-талдау жаттықтырушысы қызметін атқарады. Әзірге клубта болып жатқан соңғы жаңалықтар – осы. Қазіргі таңда ойыншылар жаппай жаттығуды бастап кеткен. Биылғы маусымда Қазақстан кубогын жеңіп, жанкүйерлер жадында қалсақ деген үміттері бар…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»