«Сарыарқа» сәтсіздікке ұшырады
Хоккейден ел чемпионатының XVI туры тәмам. Өкінішке қарай, бұл кезең қарағандылық «Сарыарқа» үшін оңайға соқпады. Жерлестер сырт алаңда Петропавлдың «Құлагерімен» кездесіп, 4:5 және 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Негізі, жерлестер бұл қарсыластарын ірі есеппен жеңіп жүрген болатын. Биыл жыл басынан бері бес мәрте кездессе, соның бесеуінде де қарағандылықтардың асығы алшысынан түскен. Тіпті, әр ойында
қарсыластарға екі шайбадан артық соғуға мүмкіндік те бермеген.
Бірақ, осы жолғы кездесу қарсыластардың пайдасына шешілді. Бірінші кездесуде жерлестер белсенділік танытты. Алғашқы минуттан-ақ шабуылға шығып, есеп ашып үлгерді. Шайба авторы – Сергей Барбашев. Бірақ, көп ұзамай алаң иелері таразы басын теңестірді. Дегенмен, бірінші айналымда қос команда қанша мәрте шабуылға шықса да, бұдан артық шайба соға алмады. Екінші айналым – қарағандылықтардың пайдасына шешілді. Ойынның 31-минутында Егор Кузьменко шайба салып, командасын алға шығарған еді. Іле шала қарсыластар да шабуыл ұйымдастырып, ақыры таразы басын теңестірген. 36 минутта қарағандылықтар сапынан Данила Карабан соққы жасап, есеп ашты. Таблодағы көрсеткіш – 3:2.
Үшінші кезеңде «Сарыарқа» шабуылшысы Егор Смолянинов төртінші шайбаны салып, есепті еселеген-тін. Енді бұдан кейін ойын соңына дейін қорғанысқа күш салу қажет. Сондықтан, барлық ойыншы төмен түскен. Алайда, қарсыластар қарап қалған жоқ. Қос қапталдан шабуыл ұйымдастырып, соққыны қарша боратты. Нәтижесінде, ойынның 50 және 54-минутында қос шайба салып, таразы басын теңестіріп кетті. Есеп – 4:4. Қос команда ойынның негізгі минутында тең түскендіктен, ойын овертаймға ұласты. Өкінішке қарай, жерлестер бұл кезеңде сан соғып қалды.
Ертеңінде өткен қарымта кездесуде де дәл осы ойын қайталанды десек, артық айтқанымыз болмас. Бұл кезеңде есепті алаң иелері ашқан болатын. Ал, жерлестер екінші айналымда екі шайба салып, алға шықты. Бірақ, ұзатпай қарсыластар таразы басын теңестіреді. Осылайша, қос қарсыластың жағдайы үшінші айналымда да шешілмей, ойын овертаймға ұласқан болатын. Бұл кезеңде де «Сарыарқа» петропавлдықтардан айласын асыра алмады.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»