Бас тақырыпСпорт

«Сарыарқа» рудныйлық «Горнякты» қарымта кездесуде жеңді

Хоккейден ел чемпионаты жалғасуда. Қарағандылық «Сарыарқа» кезекті турда өз алаңында рудныйлық «Горнякты» қабылдады. Жерлестер бірінші кездесуде 1:3 есебімен жеңілсе, қарымтада 4:1 есебімен есе қайтарды.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан    

Көрсеткіштерге сүйенсек, қос команда былтыр жеті ойын өткізіпті. Оның алтауында жерлестердің асығы алшысынан түскен. Бұл жолы да жанкүйерлер алаң иелерінен қос кездесуде де жеңіс күткен еді. Өкінішке қарай, «Сарыарқа» бірінші кездесуінде жеңіске жете алмады.   

Жалпы, бірінші кездесуде қос команда екі айналымда тең түсті. Екі команда да есеп аша алмады. Бірақ, сәтті шабуыл, жойқын соққылар болды. Алайда, қос команда қақпашысы қателікке бой алдырмай, шайбаны қақпаға өткізбеді. Тек, үшінші айналымда ғана қарсыластар бірінші болып есеп ашты. Десе де, алаң иелері сапынан Рулан Демин 47-минутта көзге түсіп, таразы басын теңестірген. Есеп – 1:1. Бірақ, 52 және 59-минутта қарсыластар қақпадан саңылау тауып, жеңіске жеткен еді.

Қарымта кездесуде керісінше, «Сарыарқа» қарсыластарға мүмкіндік қалдырмады. 12-минутта Руслан Демин, 24-минутта Егор Смолянинов, 30-минутта Александр Борисевич қарсылас қақпасынан саңылау тауып, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Ал, екінші айналымның аяқталуына бірнеше минут қалғанда «Горняк» шабуылшысы Данила Платонов жауап қайтарып, есеп алшақтығын қысқартқан-тын. Үшінші айналымда Александр Борисевич ойындағы екінші шайбасын салып, командасына жеңіс сыйлады.

– Алғашқы кездесуде сәттілік жетіспеді. Мүмкіндіктер көп болды. Бірақ, біздің жігіттер бірде-біреуін дұрыс пайдалана алмады. Ойын біз ойлағаннан да тартысты өтті. Ең болмаса, есепті тең ұстаймыз ба деп едік. Өкінішке қарай, соңғы айналымда сан соғып қалдық. Десе де, жігіттер соңына дейін күресті. Бірінші кездесуде кеткен есемізді қарымта ойында қайтардық. Мұз айдынына шықпас бұрын жігіттердің жігерін жаныдым. Жалпы, кездесуді жеңу үшін әр ойыншының көзінде от болу қажет. Ойын алдында команданы жігерлендіріп, әрқайсысына тиісті тапсырма бердім. Сәйкесінше, жігіттер бірінші ойында кеткен есемізді қайтарды, – деді «Сарыарқа» хоккей клубының бас жаттықтырушысы Владимир Князев.

Қазіргі таңда жерлестер турнир кестесінде 63 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі сатыда елордалық «Nomad» хоккей клубы. Олардың еншілерінде – 62 ұпай. Ал, үздік үштікте 59 ұпаймен өскемендік «Torpedo» клубы. Бірақ, «Nomad» пен «Torpedo» клубының әлі ойналмаған екі ойыны бар. Егер, қос команда алдағы екі ойында жеңіске жетсе, жерлестер төменге сырғиды. Қысқасы, чемпиондыққа талас енді қыза түсті.          

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button