ЖаңалықтарСпорт

«Сарыарқа» плей-офф кезеңінде: Қарағандылықтар «Горнякпен» кездеседі

Хоккейден ел чемпионатының негізгі кезеңі тәмам. Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы бұл кезеңде 54 ойын өткізіп, 83 ұпаймен турниркестесінде ІІІ орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Плей-офф кезеңіне жолдама алған сегіз команда арасында жеребе арқылы қарсыластары анықталған болатын. Жерлестер бұл кезеңде рудныйлық «Горняк» клубымен кездесетін болды.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жалпы, ел чемпионатына маусым басында 10 команда қатысқан болатын. Маусым бойы барлығы 54 кездесу өткізіп, өзара сынға түскен. Нәтижесінде, «Ақтөбе» мен «Ертіс» командасы қажетті ұпай санын еншілей алмай, жарысты осы жерден аяқтады. Ал, қалған сегіз команда ақтық кезеңнің жолдамасын сарапқа салатын болады.

Көш басында 86 ұпаймен елордалық «Nomad Astana» хоккей клубы. Соңғы кездесулерінде жеңіске жетіп, қарсыластарынан ұпай айырмашылығымен көш басына шыққан болатын. Өскеменнің «Torpedo» клубы 84 ұпаймен топтан екінші болып шықты. Ал,«Сарыарқа» клубы үздік үштіктің қатарында Негізі,жерлестер осыдан 5-7 тур бұрын көш басында тұрған еді. Алайда, соңғы кездесуінде, яғни, петропавлдық «Құлагер» клубына қарсы қос ойында ұпай жоғалтып, турнирлік кестеде үшінші сатыға түсті. Десе де, жерлестер ел чемпионатының негізгі турын үздік үштіктің қатарында тәмамдады.

Плей-офф кезеңіне жолдама алған сегіз команда арасында өзара қайта жеребе тартылған. Жеребе нәтижесінде, жерлестердің келесі қарсыласы «Горняк» клубы. Қос команда бұл кезеңде төрт кездесу өткізбек. Яғни, екеуі өз алаңында болса, екі матч сырт алаңда ойнамақ.  

Жалпы, бұл кездесуде басты фаворить «Сарыарқа». Олай дейтініміз, бұған дейін қос команда былтыр тоғыз мәрте кездескен. Оның жетеуінде қарағандылық клуб жеңіске жетіпті. Бірақ,чемпионат аясындағы соңғы екі кездесуде қос команда тең түскен. Жерлестер өз алаңында өткен екі кездесудің біріншісінде 1:3 есебімен жеңілсе, екіншісінде 4:1 есебімен айласын асырған. Алайда,«Сарыарқа» өте тәжірибелі команда. Дәл осы плейофф кезеңінде «Құлагерге» есе жібермесі анық.

Егер, жерлестер бұл кезеңнен сүрінбей өтсе, ақтық кезең жолдамасын «Torpedo» немесе «Бейбарыс» командасы арасында өткен кездесудің жеңімпазымен сарапқа салатын болады.

Ербол ЕРБОЛАТ

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button