«Сарыарқа» – қола жүлдегер
Шайбалы хоккейден ел чемпионатының ақтық бәсекесі үшін тартыста қарағандылық «Сарыарқа» клубы көкшетаулық «Арлан» клубымен бес ойын өткізіп, оның төртеуінде жеңіліп қалған болатын. Бірақ, олар жүлделі ІІІ орынға үмітті еді. Нәтижесінде, жерлестер үшінші орын үшін өтетін кездесуде ойнамай-ақ, ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Жартылай финалда қарағандылықтар көкшетаулықтарға есе жіберді. Сөйтіп, қарсыластар финалға, ал, біз үшінші орын үшін болатын кездесуге жолдама алдық. Бірақ, қола жүлде үшін болатын ойындағы қарсыластар белгісіз еді. Қарсыластарымыз – өскемендік «Торпедо» немесе ташкенттік «Хума» клубының бірі еді. Яғни, ережеге сәйкес осы екі команда арасындағы ойында жеңіліп қалған команда «Сарыарқамен» ойнауы қажет.
«Торпедо» және «Хумо» арасындағы кездесу ұзаққа созылды. Қос команда ақтық бәсеке жолдамасы үшін жеті мәрте кездесті. Екеуі де – осал емес. Бір-біріне лайық қарсылас. Дегенмен, өскемендіктер қарсыластарынан соңғы екі ойында айласын асырып кетті. Сырт алаңда ойнаған олар қарсыластарын овертайм уақытында жеңген. Ал, қарымта ойында «Хумо» командасынан өз алаңында тағы да овертайм уақытында айласын асырды. Осылайша олар жеті ойынның төртеуінде жеңіп, ақтық бәсекеге өтті.
Ал, ақтық бәсеке үшін ойында жеңіліп қалған ташкенттіктер ел чемпионатының қола жүлдесі үшін қарағандылықтармен кездесуі керек еді. Бірақ, Pro Hokei Ligasy «Сарыарқа» клубын ресми түрде ел чемпионатының қола жүлдегерлері ретінде хабарлады.
«2024-2025 жылдардағы Pro Hokei Ligasy ҚР Чемпионаты регламентінің 8-тарауының 42-бабының 10 және 11-тармақтарына сәйкес жүлделі орындарды бөлу тек қазақстандық клубтар арасында жүргізіледі. Чемпионатқа қатысатын шетелдік клуб тек Pro Hokei Ligasy жеңімпазы немесе ауыспалы кубоктың иегері ғана бола алады. Сондықтан, «Хумо» мен «Сарыарқа» арасындағы жүлделі ІІІ орын үшін өтетін ойындар болмайды», – делінген хабарламада.
Жерлестер бұл кезеңде сәтті өнер көрсетті. Әуелі турнирлік кестеде 40 ойын ойнап, 52 ұпаймен IV орынға табан тіреді. Сәйкесінше, плей-офф кезеңіне жолдама алды. 52 ойында 134 шайба салған. Ал, шабуылшы Артем Валеев команда сапындағы ең нәтижелі ойыншы атанды. Ол осы маусымда қарсылас қақпасына 19 шайба салып, 27 дәлдік пасс берген.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан