«Сарыарқа» мектебінің салтанаты
Арқада жастар арасындағы жыршылық дәстүр мен терме өнері қарқынды дамып келеді. Асыл мұраны жаңғыртудағы ерекше оқиға – жас таланттардың талабының ұшталуына, сахнаға шығып, танылуына үлкен жол ашқан «Сарыарқа айтыс ақындары» мен «Сарыарқа жыршы-термешілер» мектебінің ашылуы болды.
Өнерлі жастардың жылды қорытындылаған кеші облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Кеште жиырма екі шәкірт өнер көрсетті.
– Бұл мектепте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, айтыс ақтаңгері Дидар Қами, айтыскер ақын Нұрсұлтан Рымбай сабақ береді. Барлық жағдайда ұстаздардың сапалы білім беруі мен талантты шәкірттердің талабының ұшталуын жіті қадағалаймын. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Сегіз жастан бастап, он сегізге дейінгі ұл-қыздар сегіз жұп болып, сахнаға шығып, айтыстың көркін қыздырып, тамаша өнер көрсетті. Үздік бес ақынға домбыра сыйға тартылды, – деп атап өтті Айтбай Жұмағұл.
Кеште «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов жырдан шашу шашып, жас ақындарға батасын берді. Бұқар жыраудың толғаулары, Доскей ақынның «Кенесары» дастаны, Иманжүсіптің толғауы, Майлықожа мен Нұртуғанның термесі, Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», Жәнібек Кәрменовтің «Жігіттерге өсиет» секілді толғау, дастан, жыр, термелер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Астанадан арнайы келген Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, жыршы Ерболат Шалдыбеков халыққа Жамбылдың жырын айтып, жас жыршы-термешілердің сұрауымен шеберлігін ортаға салды.
Айта кеткен жөн, өткен жылғы тамыз айында ашылған мектепке бүгінде 50-ге жуық жас өрен келіп, талаптарын ұштады. Өнерлі балалардың ата-аналарының игілікті жоба жалғасын тапса деген тілегі бар.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан