Руханият

Сарыарқа – ұлт өнерінің бесігі

Жер жүзін мекендеген әр халықтың өзіне тән ұлттық ерекшелігі бар. Қазақ халқы да өзгеге ұқсамайтын, сан алуан ұлттық құндылықтарға бай. Оның ішінде, Сарыарқа – ұлт өнерінің алтын құрсағы десек, еш қателеспейміз. Әр жылдары ұлт ұясы Ұлытауда өтетін халықаралық этнофестиваль – жоғарыда айтқан сөзіміздің жанды айғағы. Елімізде халқымыздың қолданбалы қолөнерін, мәдениеті мен ұлттық спортын жан-жақты насихаттау бағытындағы жұмыс жылдан жылға жанданып келеді.

Күні кеше Ақтоғай ауданында «Сарыарқа көшпелі мәдениеті» атты облыстық көшпелі фестиваль бастау алды. Фестиваль аймаққа қарасты бүкіл өңірді аралайды. Шараның мақсаты – шығармашылық, музыка, қазақтың қолөнері, ұлттық спорттық ойындар арқылы халық пен өлке мәдениетін көрсету

Жалпы, облыстың әр ауданы мен қаласында жәдігерлер мен қазақтың қолөнер көрмесі, ұлттық киім дайындау және дефиле көрсетілімдері өтеді. Этноауылдарда ақындар, күйшілер, термешілер, жыршылар, фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетеді. Сонымен бірге, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес және басқа да танымал ұлттық ойындар жұртшылық назарына ұсынылады.

Арқаның тәжі Ақсораң тауы етегінде ақшаңқан үйлер тігіліп, бабадан қалған асыл мұралардың көрмесі ұйымдастырылды. Аудан өнерпаздары ұлттық ән өнерін жаңғыртып, тау бөктерін әнге бөледі.

Фестивальге ҚР Көркемөнер академиясының академигі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі М.Қалқабаев, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы М.Елубаева, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылымиәдістемелік орталығының басшысы К.Садвокасова, облыстық мәденисауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері А.Жармағанбетова, Кеншілер мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі С.Әбдіғали және өлкетанушылар – Т.Мұқан мен К.Балкенов арнайы келіп, өңір тарихымен танысты.

Одан әрі көшпелі фестиваль көшін Шет ауданына бұрды. Ақсу-Аюлы ауылының Қаштай сайында тігілген этноауылда меймандарды Шет ауданының халық арасынан шыққан қолөнер шеберлері, өнер саңлақтары қарсы алды. Фестиваль қонақтары Шет өнерпаздарының ән мен жырынан сусындап, қас шеберлердің қолынан шыққан халқымыздың қолөнер туындыларымен танысып, түрлі мәдениспорттық ойын-сауықты тамашалады.

Фестивальді облыстық мәденисауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістеме орталығы және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырып отыр. Ол облысымыздың барлық өңірін қамтып, тоғыз аудан мен тоғыз қалада өтеді. Тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде. Фестивальдің арнайы қазылар алқасы мен «Saryarqa» телеарнасының түсірілім тобы қоса жүр. «Saryarqa» телеарнасы күн құрғатпай, фестиваль күнделігін эфирге шығарып отырады. Әр өңірде іс-шараға қатысушылар өз бағдарламаларын ұсынып, өнер көрсетеді. Фестиваль желтоқсан айында облыс орталығы Қарағанды қаласында қорытындыланады.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button