«Сарыарқа» кубоктан қағылды
Қазақстан кубогының финалында «Сарыарқа» Өскеменнің «Торпедосынан» 1:4 есебімен есе жіберді. Финалда сәтсіздікке ұшыраса да, қарағандылық жанкүйерлер үшін бұл ойын жаңа маусым алдындағы сабақ болмақ.

Финал алғашқы кезеңнен-ақ сарыарқалықтар үшін сәтсіз басталды. «Торпедо» небәрі 20 минут ішінде үш шайба соғып, айқын басымдыққа ие болды. Қорғаныстағы қателіктер мен қақпашының қапы қалуы «Сарыарқаны» сан соқтырды. Екінші кезеңде команда намысқа тырысып, Кузьменконың әдемі голымен есепті қысқартты. Өкінішке қарай, бұл қарағандылықтардың жалғыз шайбасы болды. Соңғы кезеңде шығысқазақстандықтар тағы бір рет көзге түсіп, ойынға нүкте қойды. Есеп – 1:4.
«Сарыарқа» мен «Торпедоның» бұрынғы ойындарына көз жүгіртсек, жалпы есепте біздің команда айқын басым – 32 жеңіс. Бұл ретте статистика қарағандылықтардың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Алайда, дәл осы финалда тәжірибе мен шабуылдағы өткірлік қарсыластың пайдасына шешілді.
Финалдағы жеңіліс «Сарыарқа» үшін ауыр тиді. Дегенмен, команда өз жанкүйерлерінің сенімін сақтап қалуға бар күш-жігерін салды. Жаттықтырушылар штабы қателіктерді саралап, күзде басталатын жаңа маусымды тың дайындықпен бастауға ниетті.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»