«Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңін сәтті бастады
«Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңін сәтті бастады. Жерлестер бұл кезеңде рудныйлық «Горнякпен» алғашқы кездесуін өткізіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

«Сарыарқа» бұл жолы барын салды. Ойын басталысымен-ақ соққыны қарша боратып, қарсыластарға шайба ұстауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, 2-ші минутта – Егор Кузьменко, 4-ші минутта – Александр Борисевич, 5-ші минутта Сергей Барбашев бірінен соң бірі қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Бұдан кейін ойынның 12-ші минутында Руслан Демин төртінші шайбаны салып, небәрі бірінші айналымда есепті 4:0-ге жеткізді.
Екінші айналымда да қарағандылықтар бірінші болып есеп ашты. Бұл жолы 23-ші минутта Данила Карабан көзге түсті. Одан кейін 26-шы және 51-ші минутта рудныйлықтар екі шайба салып, есеп алшақтығын қысқартпақ болып еді. Екі минуттан соң Егор Кузьменко ойындағы екінші шайбасын салып, кездесуге нүкте қойды. Есеп – 6:2.
Енді жерлестер өз алаңында қарымта кездесу өткізеді.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



