«Сарыарқа» – финалда
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының ақтық кезеңіне жолдама алды. Жерлестер Өскеменнің «Torpedo» клубымен өткен соңғы екі кездесуінде 4:1 және 2:1 есебімен жеңіп, биылғы маусымның финалистері атанды.

«Сарыарқа» үшін плей-офф кезеңі оңайға соқпады. Себебі, бұл кезеңдегі қарсыластары «Torpedo» клубы еді. Чемпионаттың ережесі бойынша қос клуб финал үшін бес ойын өткізуі керек-ті. Ал, жерлестер бірінші кездесуінен-ақ сүрінген болатын.
Соңғы шешуші ойын Өскеменде өтті. Бұл кездесу – қос команда үшін үлкен мүмкіндік. Қарағандылықтар төрт кездесудің үшеуінде жеңіп, біреуінде жеңілгенімен, соңғы ойын финал жолдамасын сыйлайтын ойын еді. Ал, төрт кездесудің үшеуінде жеңілген «Torpedo» соңғы, яғни, бесінші кездесуде жеңіске жетсе, онда қос команда тағы да қарымта екі ойын өткізер еді. Бұл – қарсыластар үшін керемет мүмкіндік-тін.
Бірақ, жерлестер сырт алаңда өткен соңғы кездесуді өз пайдасына шешті. Десе де, кездесу оңайға соқпады. Қос команда екі айналым бойы есеп аша алмады. Қос команданың да қорғанысы жоғары деңгейде. Алайда, 43-ші минутта алаң иелері «Сарыарқа» қақпасынан саңылау тауып, есепте алға шықты. Дегенмен, «Сарыарқа» сапынан Эдгарс Сиксна қарсылас команда қақпашысын қапы қалдырып, таразы басын теңестіреді. Осылайша, үшінші айналымда 1:1 есебімен тең түскен қос қарсыласқа тағы да бәрін басынан бастау қажет болды.
Ойынның негізгі уақытына қосылған овертайм кезеңі де тартысты өтті. Қосымша уақыттың аяқталуына небәрі алты секунд қалғанда Евгений Королинский шешуші шайбаны соғып, командасына жеңіс сыйлады. Әрі командасына жеңіс сыйлаған Евгений сол ойынның «Үздік ойыншысы» атанды.
– Соңғы кездесуде мұз айдынына шықпаған ойыншылар көп болды. Бірі жарақат алса, енді бірі ойыннан шеттетілген. Сондықтан, жігіттерге сақ әрі қорғаныста ойнау қажеттігін айттым. Барынша қарсыластардың қателігін күтіп, соған қарай шабуыл ұйымдастыруды көздедік. Ең бірінші кездесуде 2:6 есебімен жеңілдік. Ол кезде қарсыластар мүмкіндіктерді жақсы пайдаланып кетті. Сол жеңілістен кейін ойынды қайта қайталап көріп, қателіктерімізбен жұмыс жасадық. Нәтижесінде финалға жолдама алдық, – деді клубтың бас бапкері Владимир Князев.
Енді жерлестер ақтық сында елордалық «Nomad Astana» клубымен кездеседі. Олар плей-офф кезеңінде петропавлдық «Құлагер» клубын 4:1 есебімен жеңген болатын.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



