«Сарыарқа» есе қайтарды
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңіндегі екінші кездесуінде жеңіске жетті. Өскеменнің «Torpedo» клубын бұл жолы 3:2 есебімен жеңіп, ұпай еншілеп қайтты. Осылайша, сырт айдында өткен қос кездесудің қорытындысы бойынша жалпы есеп – 1:1 болды.

Бұл кездесуге жерлестер тыңғылықты дайындықпен шыққан болатын. Өткен ойындағы қателіктерге жол бермей, арнайы тактикамен оралды. Нәтижесінде, қарсыластардың қос қапталдан ұйымдастырған соққысына төтеп беріп, ойынның бірінші айналымында қақпаны «құрғақ» сақтап қалды. Бұл кезеңде «Сарыарқа» ойыншыларының да есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Алайда, бұл айналымда қос қарсылас есеп аша алмады.
Екінші айналымнан бастап жерлестердің ойыны ширай түсті. 25-ші минутта шабуылшы Егор Кузьменко көзге түсіп, есеп ашқан болатын. 32-ші минутта алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Үшінші айналым басталысымен өскемендіктер тағы да шайба салып, есепте алға шыққан-тын. 56-шы минутта «Сарыарқа» қоғаушысы Эдуард Михайлов өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, таразы басын теңестірді. Есеп – 2:2.
Кездесудің негізгі бөлімінде қос қарсылас тең ойнағандықтан, кездесу овертайм кезеңіне ұласты. Бұл жолы Ярослав Хрипковтың жұлдызы жанып, шешуші шайбаның авторы атанды. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша жалпы есеп – 1:1-ге теңесті. Енді қарағандылықтар 22 және 24 наурызда өскемендіктерді өз алаңында қабылдайды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



