Спорт

«Сарыарқа» биыл чемпион бола ма?

Хоккейден ел чемпионатының аяқталуына да шамалы күндер қалды. Ал, қарағандылық «Сарыарқа» клубы – чемпиондыққа таласатын басты үміткерлердің бірі. Қазіргі таңда жерлестер турнир кестесінде – І орында. Дегенмен, «кубокты төбеге көтереді» деуге әлі ерте. Себебі, турнир кестесінде ІІ орында келе жатқан елордалық «Nomad Astana» клубының ойналмаған әлі сегіз ойыны бар…

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жерлестер соңғы бес ойында жеңіске жеткен. Атап айтсақ, павлодарлық «Ертісті» өз алаңында ойсырата жеңсе, сырт алаңда «Ақтөбеден» басым түсті. Ал, күні кеше атыраулық «Бейбарыспен» сырт алаңда кездесіп, 2:1 және 7:2 есебімен жеңіске жетті.

Атыраулықтармен өткен бірінші кездесуде ең бірінші болып, алаң иелері есеп ашқан болатын. Жерлестер тек ойынның үшінші бөлігінде ғана қос гол салып, камбэк жасады. Бұл жолы 42-минутта Данила Карабан, 55-минутта Эдуард Михайлов көзге түсіп, командаға жеңіс сыйлады.

Қарымта кездесуде «Сарыарқа» белсенділік танытты. Бірінші айналымның өзінде үш гол салып, есепте алға шықты. Ал, екінші айналымда – 2:1, үшіншісінде 2:1 есебі тіркеліп, ешқандай қиындықсыз жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта турнир кестесінің көшін бастап тұрған жерлестердің еншісінде – 50 ұпай бар. Алдағы уақытта жерлестер сырт алаңда «Алматымен» ойнайды. Одан кейін өз алаңында қайтадан «Бейбарысты» қабылдайды. Егер жерлестер қос кездесуде жеңіске жетсе, ұпай саны 62-ге артады.

Ал, турнир кестесінің екінші сатысында келе жатқан елордалықтар «Nomad Astana» клубының еншісінде – 48 ұпай. Одан бөлек, оларда әлі ойналмаған сегіз ойын бар. Сол сегіз ойынның кемі төртеуінде жеңіске жетті делік. Сонда, қоржынындағы ұпайы 60-қа толады екен. Жерлестер биыл чемпион болуы үшін елордалықтар қалған сегіз ойынның төртеуінде жеңіліс табуы тиіс. Сонда ғана «Сарыарқа» чемпион болады. Бірақ, маусым бойы үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан «Nomad Astana» клубы чемпиондыққа талас кезінде қалған ойындарда ұпай жоғалтпасы анық…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button