«Сарыарқа Барысы» анықталды
Қарағандыдағы жеңіл атлетика манежінде қазақ күресінен «Сарыарқа Барысы» турнирі өтті. Аталмыш турнирге аймақтың түпкір-түпкірінен 22 палуан қатысып, «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдамасын сарапқа салды. Турнир қорытындысы бойынша Шет ауданынан келген Ақжігіт Оралов жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев пен самбодан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диқанбай Биткөзов қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, ұйымдастырушы, «Жас сұңқар» спорт мектебінің басшысы Алмас Мұхтаров аталмыш турнирге қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқандығын баса айтты. Ал, қазақ күресі бойынша жоғары деңгейдегі төреші, турнирдің бас төрешісі Абай Үмітбаев:
– Турнир жоғары деңгейде өтті. Барлық палуандар жақсы дайындалған. Мұндай жарыстарға алғаш рет қатысқандар да болды. Жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытып, айналысып жатқаны қуантады, – деп пікірін білдірді.
Теміртаулық Ақжол Дүйсенбаев – ІІ орын иеленсе, абайлық Айдар Оңайбеков – ІІІ сатыға табан тіреді.
– Жеті жылдан бері қазақ күресімен айналысамын. Сонымен қатар дзюдоны да қатар алып жүрмін. «Сарыарқа барысына» алғаш рет қатысуым. Барлық қарсыластарды зерттедім. Облыстағы ең мықты спортшылар – Қарқаралы және Шет аудандарынан келген спортшылар, – дейді жас спортшы Айдар Оңайбеков.
Ақжігіт Оралов (І орын) пен Ақжол Дүйсенбаев (ІІ орын) 30 маусымда Астанада өтетін «Қазақстан Барысы» супертурнирінде облыс намысын қорғайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz